30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. 1995 жылы бекітілген Ата Заңымызға биыл ширек ғасыр толды. Бұл Заң 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, 5 қыркүйегінде күшіне енді. 9 тарау, 98 баптан тұратын Конституция – қазақ жұртшылығының жазбаша түрде қабылдаған бесінші заңы еді. Оның алдында 1924, 1937, 1978 және 1993 жылдары түрлі саяси ахуал кезінде заңдар қабылдағанбыз.
Қазір күшінде тұрған Ата Заңымыз жалпыхалықтық референдум арқылы мақұлданды. Оның алдында 1993 жылы қабылданған Конституцияда басқару форматы парламенттік-президенттік жүйе еді. Дегенмен, бұл формат демократия принциптеріне қайшы келеді деген себеппен Заң өзгерту туралы шешім қабылданған.
Ширек ғасыр уақыт ішінде Конституциямызға бірқатар өзгерістер енгізілді. Ең айтулысы – президенттік мерзімге қатысты. 2011 жылы қаңтарда ҚР парламенті Конституцияға Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізді. Ол бойынша «бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне – Елбасыға қолданылмайды». Сондай-ақ Қазақстанның бірінші президентіне «Елбасы» мәртебесі берілді.
2017 жылы Елбасы пәрменімен Ата Заңға 40-қа тарта өзгерту енгізу жұмысы басталды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы халық талқылауына шығарылып, артынша өзгертулерді депутаттар бірінші оқылымда-ақ мақұлдады.
Bairaq.kz порталы мерейлі мерейтой қарсаңында түрлі салада (саясат, заң, әлеумет) еңбек етіп жүрген азаматтардың Конституция туралы пікірін назарларыңызға ұсынады.
Белгілі саясаткер
Әміржан Қосан «Конституция – Құран емес!» деп есептейтінін және кей кемшіліктерді түзету қажет екенін жеткізді.
«Сөз жоқ, кез келген елдің басты Заңы – Конституциясы – оның басты рәміздерінің бірі, ол құжатты құрмет тұтып, қадірлеу керек.
Бірақ 1995 жылы қабылданған біздің Ата Заңның жағдайы бөлек, көпшілік қауымның оған деген көңлі екіұдай.
Бір жағынан, ел патриоты және Заңды пір тұтатын азамат ретінде Конституцияны сыйлау керек, алайда, екінші жағынан, қазіргі Конституцияның, кем дегенде, халықтың көңлінен шықпай, наразылығын туғызып келе жатқан екі кемшін тұсы бар.
Біріншіден, біздің Ата Заң көп жағдайда декларативті сипатта: өркениетті елдер конституцияларында да жазылған мықты принциптер мен баптар біздің Конституцияда да баршылық, бірақ олар іс жүзінде жүзеге асып жатқан жоқ.
Мәселен, Конституцияға сай біздің мемлекет – әлеуметтік, алайда күнделікті өмірде мемлекет өзінің әлеуметтік функцияларын мүлдем орындап жатқан жоқ. Немесе, Конституцияға сай азаматтардың бейбіт шерулерге шығу құқы бар, алайда төменгі деңгейдегі заңдар ол мүмкіншілікті мейлінше тарылтып тастаған. Осындай көзге ұрып тұрған көпе-көрінеу қарама-қайшылықтар жеткілікті.
Екіншіден, 1995-жылдан бері Конституция қырық жамау боп, оған небір өзгерістер енгізілді. Және де ол жаңалықтардың басты мақсаты – елде орныққан авторитарлық, бір адамға бағынған жүйені одан сайын нығайта түсу боп келді. Оның есесіне азаматтардың, президенттен басқа билік тармақтарының, азаматтық қоғамның, саяси партиялардың, құқықтары мен өкілеттіктері азая берді. Мемлекет өмірін ұзақ мерзімде реттеуге тиіс Конституция ағымдағы саяси конъюнктураның құрбаны боп қалды.
Не істемек керек?
Конституция – Құран емес!
25 жыл бұрын, сол кездегі биліктің ыңғайына сәйкес, асығыс-үсігіс қабылданған Конституцияның орнына жаңа, шынайы демократияшыл, ең бастысы, биліктің уақтылы ауысып отыруы мен билік тармақтарының өкілеттіктерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін Конституция керек! Конституция мықты болса, мемлекет те, оның Тәуелсіздігі мен тұрақтылығы мықты болмақ!
Және де ондай Конституция жалпыхалықтық талқылаудан өтіп, референдумда қабылданып, мемлекетіміздің ұзақ мерзімді демократиялық жолмен дамуының бірден-бір кепілі болуы тиіс. Сайлау сайын ауысып отыратын президенттер Ата заңымызды өз қалауына сай өзгерте бере алмайтындай механизм құру қажет.
Сол іске баршамыз – қоғам мен билік – уақыт оздырмай кірісуіміз қажет деп санаймын!»
Ал адвокат
Тілеужан Кішкенебаев Ата Заңымыздағы барлық дүние дұрыс жазылғанын, тек оны орындау барысында бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілетінін алға тартады.
«Конституцияда барлығы дұрыс жазылған: сөз бостандығы, сенім бостандығы, сайлау, сайлану құқықтары, партиялар құру, оған мүше болу, жиналыстар өткізу еркіндігі т. б. демократиялық құндылықтар толық көрсетілген. Біздің Ата заң Халықаралық құқық нормаларына сай, тек орындалу кезінде заңсыздықтарға жол беріледі, біз, адвокаттар осы, заңсыздықтардың болмауына, Конституцияның орындалуына күресеміз!»
Ал тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры
Тұрсынхан Зәкеннің «Егемен Қазақстан» газетінде «Желді қуған жоғалар, жолды қуған оңалар» атты мақаласы жарияланды. Автор рұқсатымен келесі үзіндіні назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Бүгінгі таңда мемлекеттердің əлемдік рейтингінде қоғамның ашықтығы, сөз жəне баспасөз еркіндігі басты критерий ретінде қаралады. Əрине, абсолютті еркіндік ешбір елде жоқ. Солай десек те, «пікірталас – шындықтың анасы», түрлі ұсыныс-пікірлердің ашық айтылуы қоғамды дұрыс жолмен дамыту дың жəне қателіктерден сақтанудың бірден-бір кепілі. Бүгінгі азаматтық қоғамды былай қойғанда, ертедегі күнбилер мен қағандар, хандар да солай істеген.
Бұрындары хан алдында қасқайып сөйлейтіндер, ақырып теңдік сұрайтындар болған. Қазақ мұндайда «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген. Бұл дəстүрлі қазақ қоғамында демократиялық құндылықтардың əлдеқашан орын тепкенін көрсетеді. Қазақ халқы – ертеден өзінің дала демократиясының арқасында сайын сахарада емін-еркін, бұла өскен халық. Сол дəстүрлі мемлекеттік басқару жүйесінің арқасында атамыз қазақ осы күнге тұтас ұлт ретінде жетті. Сөйтіп, ұлт өзінің артықшылықтарын сəулелендіре алды. Біз айтқан сол дала заңының мазмұнында осы күнгі Конституциямыздың түпкі қағидаттары орын тепкен. Ендеше, біз келешекте де бүгінгі Ата Заңымыздың күш-қуатымен заманауи əрі дəстүрге берік ұлт ретінде өзіміздің жаңа мемлекетімізді əлемге паш етеміз».
Конституция күніне орай белгілі тарихшы, академик
Берекет Кәрібаев төмендегідей пікір білдірді.
«Кез келген қоғам, мемлекет, тіпті, адам болашаққа дұрыс қадам жасау үшін өзіндік принциптерін анықтап алуы тиіс. Ал мемлекеттік деңгейде миллиондаған адамның ортақ принциптерінің жиынтығы – Заң. Біз Тәуелсіздік алғалы екі заң қабылдадық, бірін 1993 жылы, екіншісін 1995 жылы. Екіншісі күні бүгінге дейін күшінде тұр. Бұл – біздің Ата Заңымыз. Қарап отырсақ, екеуінің де сөздері бірдей, ұстанымы ортақ секілді. 1993 жылғы Конституция бойынша басқару форматымыз парламенттік-президенттік болса, 1995 жылғы Конституция бойынша президенттік-парламенттік болып өзгерді.
Қазіргі Ата Заңымыз жалпыхалықтық референдуммен қабылданды, біз де дауыс бердік. Біз бұған дейін де 1924, 1936, 1978 жылдары Заң қабылдаған едік. Мемлекеттің өмір сүруі үшін қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын Конституция керек.
Заң керек. Хандық дәуірде де заң болды. Ең алғашқы заңымыз Қазақ хандығы құрылғаннан кейін елу жыл өткенде қабылданды. Аймақтық-әкімшілік басқару үшін заң қажет. Заң халықтың өмір сүру дәстүріне қарай құрылады. Біз де осындай негізді ала отырып, дүниежүзілік тәжірибені араластыра отырып өз Конституциямызды бекіттік».
Күллі қазақ жұртшылығын Ата Заңның ширек ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Заңның негізі берік болып, еліміз бейбіт әрі демократия принциптерін ұстанатын қалпында дами берсін!