Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті, деп хабарлады elbasy.kz.
Отырыс барысында бюро мүшелері «Сенім Диалог. Болашаққа деген сенімділік - Nur Otan партиясының 7 импульсі және партия ішіндегі сайлау өткізу бағытындағы «қалпына келтіру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылады.
Отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы қазіргі уақытта қоғам тарапынан праймериздерге үлкен қызығушылық байқалып отырғанын атап өтті.
"Партия қазақстандықтарды, қоғамның барлық сындарлы және салауатты күшін біріктіруі тиіс. Біз кез келген қиындықты бірлікте ғана жеңе аламыз. Елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін үйлесімді жұмыс ерекше маңызды", - деді Елбасы.
"Адамдар елдің қоғамдық және саяси өміріне белсенді қатысқысы келеді. Біз партияны қайта жүктеудің дұрыс векторын таңдадық. Ел проблемаларын бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз ету маңызды. Праймериздің міндеті - халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру. Бәсекелестік негізде жоғары қоғамдық қолдауы бар, нақты жағдайды білетін беделді көшбасшыларды, белсенді адамдарды таңдау керек", - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Nur Otan партиясының төрағасы праймеризге қатысушылар жергілікті жерлердегі өткір проблемаларды ашық көтеріп, кемшіліктерді анықтап, нақты шешімдер ұсынуы тиіс екенін баса айтты.
"Біз өз өңірі мен елдің дамуына іс жүзінде атсалысуға дайын барлық адам үшін «әлеуметтік лифт» құрдық. Қыркүйек айында жергілікті бағдарламалардың барлық 216 жобасы жарияланатын болады. Кеңінен талқылау біздің электоралдық міндеттерімізді халықтың сұраныстары мен мұқтаждықтарына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді. Бес жылдық мерзімге арналған бағдарламалар халықтың пікірін ескере отырып пысықталады, әр ауданның, қаланың және облыстың бюджеттік мүмкіндіктерімен байланысты болады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы партияішілік іріктеудің келесі кезеңдерін іске асыру бойынша сапалы ұйымдастыру жұмыстарын қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
"Праймериздерді әділ, ашық және барлық қатысушы үшін тең жағдайда ұйымдастыру керек. Партия ішіндегі үгіт қыркүйек айында басталады. Коронавирустық инфекция жағдайына байланысты, оны Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарына сәйкес қатаң түрде жүргізу керек. Барлық қауіпсіздік шарасын барынша мұқият орындау керек. Біздің басты басымдығымыз - адамдардың денсаулығы", - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сөз соңында партия төрағасы қоғамды топтастыру және елдің одан әрі дамуын қамтамасыз ету ісінде Nur Otan партиясының маңызды рөлін атап өтті.
Отырыс барысында сондай-ақ Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен бюро мүшесі, Қазақстан Премьер-министрі Асқар Маминнің баяндамалары тыңдалды.