Bairaq.kz ақпараттық-сараптамалық порталы он күн бойы қазақ шекарасының ғасырлық мерейтойына орай оқырман назарына тұшымды мақалалар мен сұхбаттар ұсынып келді. Осы онкүндікті ақын, мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлының әңгімесімен түйіндеуді жөн санап отырмыз. ***
- 1920 жылдың тамыз айында, осыдан тура бір ғасыр бұрын Мәскеуде қазақ шекарасы туралы декрет шықты. Осы құжаттың кейінгі жылдарда қазақ жерінің тұтас сақталуына қандай да бір ықпалы болды ма?
- Бұл – бірнеше жыл бойы көзі ашық азаматтардың санасында пісіп, тек 1920 жылы ғана қол жеткен мұрат. Мәселен, Қазақ мемлекетінің тұңғыш жарғысын содан он жыл бұрын жасаған Барлыбек Сыртанов осы жолда ажал құшты. Ол да қазақ жерінің Ресеймен дос, одақтас деңгейде ғана қарым-қатынас жасауын заңдастыруға тырысып еді.
Бұл туралы материал көп. Ұлттың тарихына, ұлттың мемлекеттік тарихына, территорияның тұтастық тарихына қызығатын кісілер бұл ақпаратты біледі.
1920 жылғы талқылау жиналыстары өткенде оны пролетариат көсемі Лениннің жүргізуі, ұлттық мүддеге келгенде қазақ оқығандары көзқарастарының бірігуі – тарихтың бізге берген бағасыз сыйы.
Отарлаушы Ресей қарамағына бірнеше өлкеге бөлшектеніп өтіп кеткен қазақ топырағын біріктіріп, қазақ жерінің тұтас аумағын қалыптастыру, болашақ қазақ мемлекетінің келбетін жасау. «Отанды қорғаймыз» деген сөз бар. Ұран. Осы сөзді айтқанда осы территория санамызға оттай басылып территория тұрады.
1920 жылы осы құжатты бекітіп алу, бұл құжатты бекітуге түрлі тәсілмен әрекет жасау, саяси тактикаларды пайдалану, бір мүддеде бір ұлттың зиялыларының түгел топтасуы – тарихта сирек кездесетін құбылыс. Осы құбылыс біздің ұлттың зиялыларында, біздің ұлттың бір ғасыр бұрынғы оқығандарында кездесті. Бірлесіп, күш біріктіріп, бір мүддеге топтасып, отарлаушы мемлекеттегі билік ауысқан төңкерісті пайдалана отырып, шекараны бекіттіріп, құжат шығартып алу – қантөгіспен де келе бермейтін бақыт. Сонан соң біз жүз жыл бойы осы картаны – осы аумақты қорғадық. Онда Тәуелсіздік туын көтердік. Бұл – сол кездегі ұлт тұлғаларының жанқияр ұлтшылдығының көрінісі.
- Бір мүддеге бірікті деп отырсыз. Осы шекара мәселесінде алашордашылар мен қазақ коммунистерінің арасында алауыздық, мүдделер қайшылығы болды ма?
- Бұрынғы Алаш автономиясы колчактармен байланыс жасап, басқа да ұйымдармен қарым-қатынас түзе отырып, қызылдарға қарсы тұрып, мемлекет құруға әрекет жасады. Бұл ұмтылыс біршама нәтиже де берді. Әскер де болды, соғысқа да араласты. Қызылдар жағында комиссар атанған, таптық күреске сенген қазақтар да жүрді. Қазақ коммунистерінің арасында Алаш зиялыларымен жеке өш-қасы бар бірен-саран адамдар ғана «бұл автономия қажетсіз» деген пікір айтқан көрінеді. Түркістан өз бетінде, солтүстіктегі облыстар Ресей иелігінде қалсын деген сөздер де айтылып қалды. Анау шекара талқылаушы комиссия мүшесі Г.Сафаров «Орынборда отырып Түркістанды басқарам деу – утопия немесе арандату» деген пікірді айқайлап жүріп айтты. Сол сияқты бірлі-жарым кісілер болмады емес, болды. Бірақ қақ жарылғандай емес еді.
Мәселен, атақты қызыл комиссар Әліби Жангелдин 1905 жылы Ақпан революциясына қатысып, большевиктердің бүкіл идеологиясы мен бағытын қолдаған кісі. Ол – жас күнінде дүниенің үш құрлығын төрт жыл ішінде шарлап шыққан кісі. Сондықтан ол саяси ахуалды өз ішінде сараптап, сүзгіден өткізіп отыратын.
Оның Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновты Кремльге апарып, Ленинмен кездестіріп, дәнекер болуының түбінде Алашорда жасаған қазақ жері картасының автономия деңгейінде бекітіп алуға орай тудыру үшін болғаны анық.
Кей-кейде бір ұлттың, бір мемлекеттің оқығандарының арасында да ортақ мүддеге жету жолындағы көзқарастар негізінде қарама-қайшылықтар болып жатады. Бірақ біз шекара мәселесінде мұндай бөліністер болды деп айта алмаспыз.
- Бүгінде кейбір тарихшылар қазақтың өткен ғасырдың басында белсенді әрекет еткен саяси элитасын «сатқын» деп атап жүр. Сіз не дейсіз?
- Шын мәнінде отар, бодан болған елдің арасынан сатқындар шығып отырады. Бұл – тарихи заңдылық. Ұлт ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың мынадай бір өлең жолдары бар:
Саудагер ғой қашан да сыртқы жаудың қатары,
сатылады ішкі жау, сондықтан да – сатады.
Даналар да сондықтан қапы кетіп жатады.
әр тақымда кісінеп аты кетіп жатады...
Сыртқы жаудың өзі – саудагер. Олар әрдайым сатып алуға тырысады. Дегенмен «сатқын болды» деу – сол дәуірдегі қазақ оқығандарына жабылған жала, қиянат. Қазақ элитасы сатқын болса, Қазақ автономиясы құрылмас еді. Қазақ элитасы сатқын болса, ашаршылық пен қызыл террор басталғанға дейін Қазақ жерінің территориясы бекітіліп, одақтас республика деңгейіне көтерілмес еді. Алаш автономиясы құлап, артынша Қазақ автономиясы құрылды ғой. Ал ең маңыздысы – сол кездегі отарлаушы Ресеймен сегіз мың шақырымға жуық шекараны құжатпен шегендеп, бекітіп алуы. Кейінірек Түркістан автономиясы құлаған кезде оңтүстіктегі қазақтар қоныстанған уездер мен болыстарды, аймақтарды бастапқы идея негізінде өз иелігіне қаратып, территорияны түгендеді. Егер элита сатқын болса, мұндай мұратқа бас тікпес еді, осындай мемлекетті одақтас күйде болса да сақтап қалмас еді.
- Дәл сол кезеңдерде Тұрар Рысқұлов бастаған бір топ қазақ оқығандары Түркістан автономиясын сақтап қалуға тырысты. Түпкі мақсат не болуы мүмкін?
- Сіз айтқан адамдардың көпшілігі қазақ ұлттық мүддесіне өкіл бола алмағандар. Ал Тұрар Рысқұлов – қайшылықты тұлға. Ол таптық күрес мәселесін жан-тәнімен қабылдап, өмірінің соңына дейін ұстанып өткен. Бұл қатарда біраз кісінің атын атауға болады. Мен бұл топтағыларың ішінде Тұрар Рысқұловтан басқасын саяси элита деп есептемес едім.
Рысқұлов элита қатарында болды, бірақ көзқарасы тым шетін кісі деседі. Оның жоғары жаққа жолдаған хаттары кейінгі кездері жарияланып жүр. Осы хаттардың мазмұнына үңілсек, оның кеңестік билік дәуірінде дәріптелген атақ-абыройына көп нұқсан келтіретінін байқаймыз. Мәселен, осындай хаттарының бірі ретінде 1922 жылы Омбыдан Сталинге «Қазақ автономиясының қажетсіздігі» туралы жазылған хатын атауға болады.
Рысқұловтың бейнесіне - кеңестік дәуірде жазушылар қаламы арқылы қалыптасқан көркем образындағы абыройына осындай «ашылулар» кері әсер етеді. Ол – қайшылықты әрі, таптық тұлға болған сияқты.
- Хош! Рысқұлов сияқты большевиктер саясатын, кеңестік идеологияны жан-тәнімен қабылдап, белсенді күрес жүргізген азаматтардың бірі – Әліби Жангелдин. Комиссардың шекара мәселесінде Алаш зиялылармен ниеттес болуына не түрткі болды деп ойлайсыз?
- Әліби Жангелдин - Рысқұловтан бұрын, биік және ұлттық тұлға. Жаңа да айттым ғой, бұл кісі әлемді шарлаған, дүниені кезген. Сол себептен де саяси тактикаға жатық, ұстанымы құбылмалы әрі түпкі ойы адал. Әлекең Алаш зиялыларының ішінде Әлихан Бөкейхановпен үзеңгілес ақсақал – Ахмет Байтұрсыновты Ленинге жолықтырады. Міне, оның Алаш зиялылар мен кеңестік биліктің арасында делдалдыққа жүруі – Алаш жерін, зиялылар өмірін сақтап қалуға деген үлкен әрекет, адал ниет.
Мысалы, 1937-38 жылдардағы репрессиядан осы Әліби Жангелдин, Әлімхан Ермеков, Уәлитхан Танашев сияқты бірқатар оқығандар аман қалды. Жангелдин ұлт мүддесіне қыруар жұмыс істеді. Сондықтан бұдан әрі қарайғы уақытта оның «қызыл комиссар» деген айдарын қолдану қажет емес.
Өмірінің соңғы кездерінде «біздің мақсатымыз бұл емес еді» деп күрсінгенін тарихшылар айтып жүр.
Әліби Жангелдин - Алаш көсемдері қатарлас тұлға!
- Өткен ғасырдың басында шекарамыз бекітілді, құжат шықты. Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Ермеков пен Танашевтардың еңбегі айтылып жатыр ғой. Мына алпысыншы жылдары осы шекараға тағы бір мәрте қауіп төнді. Сол уақытта басын бәйгеге тіге жүріп территория тұтастығын сақтап қалған азамат – Жұмабек Тәшенов. Тәшеновтың тарихи ерлігінің лайық бағасын бере алдық па?
-Біз оның тарихи ерлігінің бағасын бере алған жоқпыз. Мына нәрсені ескеруіміз керек. Шекара мәселесі төңірегіндегі айтыс-тартыс Тәуелсіздік жылдарына дейін үздіксіз жүріп отырды.
1920 жылы шекараны шегендеп, сызығын белгілеп алған соң сол аумақты орнықтыру жұмыстары жүрді. Көпшілік «Орынбордан айырылу – тарихи қателік» деп жатады. Мен олай ойламаймын. Шекаралас жатқан осындай ірі шаһарларға иелік ету оңайға соқпас еді.
Кешегі кеңестік саяси науқандарда, алпысыншы жылдары Хрущевтың тұсында біздің шекарамыз Омбыға дейін созылып жатса, ол аумаққа иелік етуіміздің өзі екіталай. Түйеге, жылқыға, өгізге тең теңдегенде екі қапталға артқан жүктің салмағы бірдей болуы керек. Әйтпесе ауып кетеді. Біздің солтүстіктегі территориямыздың салмағы онсыз да ауыр болды. Біз оны сақтай алдық.
Тәшеновтың кезінде біз одақтас республика деңгейіне көтерілген, территориямыз әбден орныққан шақ. Соған қарамастан отарлаушы мемлекеттің билігі жерімізге дүркін-дүркін көз алартып, теріс пиғылын тықпалап отырды.
«Одақтас республикалардың аумағын ол ұлттың өз өкілдерінің келісімінсіз ешқашан өзгертуге болмайды» деген КСРО Конституциясының баптарын негізге алған Тәшенов бастаған азаматтар қазақ жерін бөлшектеуге қарсы тұрып, ерлік көрсетіп, тұтастықты сақтай алды. Тәшенов – Отан тұтастығын қорғаудың биік үлгісі, батыр үлгісі.
- Автономияның немесе одақтас республиканың шекарасын шегендеу бір бөлек те, Тәуелсіз мемлекеттік дәрежеде шекара бекіту бір бөлек. Солтүстік-батыстағы, шығыстағы көршілермен мемлекеттік шекараны Тәуелсіз ел жағдайында Нұрсұлтан Әбішұлы басшылығымен бекітуі жайында тарқатып айтып берсеңіз.
- 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырады. Ендігі уақытта бұрынғы одақтас республикалар жеке тіршілік етуі қажет болды. Ал Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сол кезде халықтың дүрлігіп кетуінен сақтана отырып, және экономикалық қарым-қатынасты уақытша ұстап тұру үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымын құруға бастамашы болды.
22-желтоқсанда Алматы қаласында құрылған ұйымның декларациясында Кеңес Одағына мүше болған посткеңестік мемлекеттердің шекарасы байырғы КСРО кезіндегі қалпын сақтайтыны және ешкімнің ешқандай өзгеріс енгізуге құқығы жоқ екені анық айтылады.
Сол кездегі президенттің баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаевтың «Бүгіннен бастап КСРО деген мемлекет жоқ» деп жариялағаны есімізде. Осы декларацияның әлгі бабы арқылы, ТМД ұйымын құру арқылы Нұрсұлтан Назарбаев барлық посткеңестік мемлекеттердің өз шекараларын бекітіп алуына негіз қалап берді. Бұл – тарихи шындық. Ол үшін ТМД елдері Елбасына мәңгі алғыс айтар.
Екінші мәселе – біз Ельцин билігі тұсында Ресеймен шекара бекітпедік. Алпауыт державамен шекарамыз тек Владимир Путин билікке келген уақытта ғана сызылып, айқындалды, Тәуелсіз мемлекеттік шекараға айналды. Шекара мәселесін Путинмен шешу – саяси мәні зор мәселе болатын. Бұл да біздің билік ойластырған ұтымды фактор.
Елбасының шекара мәселесіндегі тағы бір үлкен қадамы – Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруы. Назарбаевтың бастамасымен құрылған ұйымға Қытаймен шекараласатын ТМД елдері мүше болды. Посткеңестік елдер ішінен: Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан. Осыдан кейін бірден Қытаймен және Ресеймен шекара айқындау мәселесі күн тәртібіне шықты.
Ресеймен, бұрынғы отарлаушы мемлекетпен жақсы қарым-қатынас жасай отырып, 8 мың шақырымға жуық шекараны «мәңгілік мерзімге» бекітіп алу – ерлік. Сол уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі қызметін атқаратын. Демек, қазақтың жаңа дәуірдегі саяси элитасы осыдан жүз жыл бұрынғы Алаш азаматтарының ерлігін толық қуатында қайталай отырып, оны Тәуелсіз ұлттық мемлекеттің шекарасына айналдыра алды және 15 000 шақырым шекараға өз әскерін орнықтырды.
- Қытаймен шекара бекіту мәселесіне де тоқтала кетсек...
- Бұл қадам жаңағы «Шанхай бестігін» құрудан басталды. Қытай – біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырдан бастап екі мың жыл бойы батысқа қарай шекарасын 3000 шақырымға жылжытқан держава. Кезінде олардың патшасы батыстағы жерді үйсіндер мен ғұндардан босатқан кезде ішкі Қытайдағы халықты әкеліп қоныстандырған. Осы саясатты кешегі күнге дейін ұстанып келді.
1,5 миллиард халқы бар Қытай үшін 15 миллион халқы бар Қазақстанмен шекара шегендеу қаншалықты маңызды болғанын білмеймін, бірақ біз үшін маңызы зор. Шығыстағы көршімен шекарамызды айқындап бекітіп алу – сәті түскен іс. Осы нәрсеге Үндістан, Пәкістан сияқты бірқатар мемлекеттердің қолы әлі күнге дейін жетпей жүр.
Қалай деген күнде де сонау 1920 жылы шекара бекітілген күннен бастап бізге туған топырақ – тұтас Отан аманат етілген. Территория тұтас қалпында ұрпақтан ұрпаққа өтіп отыруы тиіс. Бұл – күллі қазақтың перзенттік һәм азаматтық парызы.
- Bairaq.kz порталында қазақ шекарасының 100 жылдық мерейтойына назар аудару – сіздің идеяңыз. Осы жоба аясында бірнеше кісіден сұхбат алдық, мақалалар жарияланды. Жобаны қорытындылауды сізге ұсынып отырмын.
- Қазақ шекарасының 100 жылдығы қарсаңында, Отанымыздың қайта туған датасында портал белсенді жұмыс жасады. Бірқатар тарихшылар өздерінің соны пікірлерін білдіріп, ерекше материалдар ұсындық.
Жүз жыл бұрын басталған территория тұтастығы үшін күрес Тәуелсіздік жылдарына дейін жалғасты. Отарлаушы тараптан бекіген аймақты егемендік алған кезде сызықтарына қайта қан жүгіртіп алуымыз да ерлік. Бұл – жырланатын, үздіксіз насихатталатын құбылыс. Адамның ең үлкен бақыты, ең үлкен байлығы, ең үлкен тірек-қуаты – ұлттық мемлекетіңнің болуы. Ұлттық мемлекет үшін өз өміріңмен ғана емес түп-тұқияныңмен, ұрпағыңмен мүдделісің.
«Тәуелсіздік үшін күн сайын күресесің» деген сөз бар. Территория үшін де күн сайын күресесің.
Біздің мақсат – ұлттық мемлекет құру жолында жанын берген, басын бәйгеге тіккен азаматтардың есімін насихаттау, елдің назарына салу. Егер біз жас буынның санасына ұлттық мемлекеттің маңызын толық сіңіре алсақ, саяси элитасынан сатқын шықпайтын, болашағы жарқын елге айналарымыз сөзсіз.
Отанымның әрбір қарыс-сүйемін,
Еппен ұстап шыны ыдыстың шетіндей –
Он мыңдаған шақырымдық жиегін,
Сақтап қалдың уысыңнан кетірмей.
Бізге жетті жаннан қымбат мәңгі Отан.
Бір бұтасы, бір түйірі кетілмей.
Сұхбаттасқан: Әділет МӘДЕНИЕТ