Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова орыс тіліндегі «казах» сөзін «казак» етіп немесе «Казахстан» атауын «Казакстан» етіп өзгерту мәселесі туралы пікір білдірді.
29-маусым күні министр блогына Аман Ыбрай есімді қазақстандық «казак» сөзін «казах», «Казакстан» атауын «Казахстан» етіп өзгерткен ҚазАКСР Орталық атқару комитетінің қаулысын қайта қарауды ұсынған.
«Менің ойымша, бұл қаулыны түгел жоққа шығару керек немесе жалпыхалықтық дауысқа салу керек. Өйткені «qazaq» сөзінің орыс тіліндегі грамматикалық дұрыс нұсқасы «казак» болады», - деп жазды Аман Ыбрай.
Ақтоты Райымқұлова бұл сауалға 3-шілде күні жауап берді. Оның айтуынша, тарихи қаулыны жоққа шығарудың қажеті шамалы.
«Осы қаулыға сәйкес «казак» сөзінің орыс тілінде ыңғайлырақ айтылуы үшін «к» әрпі «х» әрпіне ауыстырылған. Осыған сәйкес еліміздің сол кездегі атауы «Казахской АССР» болды. Бұл – тарихи құжат. Сондықтан оны жоққа шығарудың қажеті жоқ», - деді ол.
Министр Тәуелсіз мемлекет екенімізді тағы бір мәрте еске сала отырып, «qazaq» сөзінің дұрыс жазылуына Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы ғана қол жеткізуге болатынын айтты.
«Дегенмен алдағы уақытта қазақ тілі латын қарпіне көшкен кезде бұл мәселе өздігінен шешілуі мүмкін. «Qazaqstan», «qazaq» сөздері басқа тілдерде де қазақ тілінде, яғни, түпнұсқада жазылады», - деді ол.