Бүгін Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1-қыркүйек күні Парламенттің кезекті сессиясында халыққа Жолдау жасайтыны белгілі болды. Сәйкесінше, Нұрлан Нығматуллин Парламенттің қос палатасының отырысын жариялады.
1-қыркүйек күні сағат 11:00-де болатын жиында мемлекет басшысы маңызды мәлімдеме жасамақ.
«Парламенттің қос палатасының отырысында мемлекет басшысы елдің дағдарыстан кейінгі даму жолы туралы мәлімдеме жасайды. Баяндаманың негізгі бөлімі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге бағытталған», - деді президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы 2019 жылдың 2-қыркүйегінде Жолдау жасап, сексуалды зорлық-зомбылық жазасын күшейту, бейбіт митингілерге рұқсат беру және Абайдың 175 жылдық мерейтойын тойлау, басшының қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық жасағаны үшін және басқа да заңсыз әрекеттері үшін жауап беретіні туралы айтқан.