Аида Балаева: Шетелдік сериалдар мен ойын-сауық бағдарламалары қысқартылады
Отандық телеарналардағы шетелдік сериалдар мен сауық бағдарламалары 30 пайызға қысқартылады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ҚР Президенті Телерадиокешенінің YouTube арнасындағы «Балаеваға 3 сұрақ» бағдарламасында айтты.
«Телеарналарда жаңа маусымда бірқатар өзгеріс болады. Мысалы, шетелдік сериалдар мен ойын-сауық бағдарламалары 30 пайызға қысқарады. Мұны көрермендер байқайды деп ойлаймын. Бұл сериалдар мүлде болмайды деген сөз емес. Яғни бұл бағытты қолдайтын аудиторияның да мүддесі тапталмайды. Дегенмен негізгі бағыт аналитикалық және ағартушылық контентке басымдық беріледі. «Еларна» телеарнасы бағытын өзгертіп, мәдениет және білім саласында ақпарат таратады. Сонымен қатар Kazakh TV арнасының аты өзгертілуі мүмкін. Тағы бір жаңалық, «Әл Фараби» арнасы іске қосылмайды. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты қолда бар ресурсты барынша қолдану керек деген шешім қабылданды», – деді министр.
Оның айтуынша, «Nickelodeon», «TiJi» және «Дисней» телеарналары қазақ тілінде ақпарат таратады. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмысты министрлік бастап жатқан көрінеді. Бұл балалар мен жасөспірімдерге сапалы контентті қазақ тілінде тұтынуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, министрмен сұхбатты журналистер Тимур Асылханов пен Тілеген Әбішев жүргізді.