Bairaq.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ шекарасының бекітілуіне негіз болған құжаттардың мақұлданғанына 100 жыл толуына орай мақалалар мен сұхбаттар сериясын жариялауға кіріскен. Онкүндікте тарихшылардан, алаштанушылардан бірқатар материалдар алынады. Кеше осы шараға қолдау білдірген белгілі тарихшы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың пікірін жариялап едік. Бүгін автордың – Т.Жұртбайдың өз келісімімен «Жас Алаш» газетінде басылған көлемді мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз. ***
Осыдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1920 жылдың 8-24 тамыз аралығында қазақ жерінің (бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының) территориялық межесі талқыланып, 24 тамыз күні мәңгілікке бекітілген болатын. Мемлекеттіктің басты шарты шешілгеннен кейін барып кеңестік Қазақ автономиясын құру туралы қаулы қабылданды. Біз ұлтымыздың тағдырын анықтап берген сол ұлы оқиғаның қалай жүзеге асқаны туралы жазылған жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!» атты үштағанының «Көтеріліп-басылған жанартау» (Әлімхан Ермеков)» атты тарауынан үзінді жариялай отырып, шын мағынасындағы ұлыстық ұлы шараның мемлекеттік тұрғыдан аталып өтуіне ықыластың байқалмағанына өкініш білдіреміз. Әлде билік Қазақстан территориясы 1991 жылдан қалыптасты деген жасанды ұстанымды місе тұтып отыр ма?
Алаш идеясын инсандық нысанадан нақты тәуелсіз тұлғаға айналдырып, оның рухани, саяси, территориялық, экономикалық, құрылымдық жүйесін анықтап, мемлекет ретінде тиянақтап берген тұлғаның бірі және «Алаш» партиясының, «Алашорда» халықтық кеңесінің, «Алашорда» үкіметінің атынан сол тұстағы Ресей империясында жарыса өмір сүрген үш үкіметпен: Уақытша құрылтай кеңесімен, Сібір уақытша үкіметімен, Кеңес өкіметімен келісім жүргізген, осы үш үкімет те оның өкілеттігін таныған қайраткер – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков. Мұрағат құжаттары мен тергеу ісіндегі және ресми қызмет орындары берген мінездемелеріне, саяси әріптестері мен қарсыластарының бағасына, замандастары мен көзкөргендердің естеліктеріне жүгініп, ондағы сипаттамаларды қорыта тұжырымдасақ, Әлімхан Ермеков –«ұ
лттық-мемлекеттік ойлау қабілеті алымды, мақсатқа жету жолындағы басқан қадамы нық әрі қарымды, мүддесін дәлелдеуге келгенде өжет, қорғауға келгенде азулы, күрделі шиеленістер тұсында мысын бастырмайтын бетті, саяси ұтысы мен ұтылысын ұмтылысына бағыттай білетін аңғарлы, мемлекеттік саясат пен ұлттық мүддені тоғыстыра білетін мәмілегер, логикалық қисынға шебер оқымысты, мәдени ұстанымы жоғары, саясат тілін жетік меңгерген, ойын жеткізуге келгенде қара тілдің шешені, сөйлегенде жанартаудай көтеріліп-басылып, лапылдап отыратын» (Ә.Бөкейхан) аса зейінді тұлға.Сондықтан да «ұстазы» (өз сөзі) Әлихан оның жастығына қарамастан, ең күрделі, маңызды, шағымды, намысты – ұлттық, мемлекеттік саяси мәселелерді шешуге Әлімханды үнемі алғы шепке жұмсап отырған және өзінің «ту ұстары» ретінде тарих талқысына салып ысылдырған. Ал жоғарыдағы мінездемелерге Әлімханның қайраткерлік жолы толық жауап береді және ол қатысқан шағымды шаралардағы қабылданған қарарлар мен қаулылар да сипаттамаларға сай келеді. Оның қайраткерлігінің ең бір түйінді және қазақ үшін тағдырлы мәселесі Қазақстанның территориялық шекарасын түбегейлі бекітуге сіңірген жанкешті ерлігі еді. Бұл мәселенің қандай қиын жағдайда шешілгенін түсіну үшін сол тұстағы тарихи жағдайлар мен саяси көзқарастарға қысқаша шолу жасай кетеміз. Онсыз территория мәселесінің бар қияметті тартысы мен саяси астары ашылмай қалады.
***
Уақытша бүкілроссиялық үкіметтің – директорияның талқылауы арасында 1918 жылдың 11 қыркүйек күні «Алашорданың» төтенше кеңесін өткізді. Оған Ә.Бөкейханов, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, У.Танашев қатысып, «Ойыл уәлаяты» «Алашорда» автономиясымен ресми біріктіріліп, «Алашорданың» шығыс және батыс бөлімдері құрылды. Омбыда өткен директорияның 4 қараша күнгі қарары бойынша «Алашорданың» территориялық басқару құқы ғана мойындалып, автономия туралы шешімі күшін жойды. Қалыптасқан әскери жағдай мәжбүр ете қалса, Қазақ–Башқұрт Республикасын құру жөнінде Заки Валидовпен шарт жасасты. Мұндағы мақсат – әскери қуаты күшті, Ленин мен Сталин сескене қараған Башқұрт Республикасымен бірігіп, «Алашорданың» мысын көтеру, Орынбор мен Орынбор облысын өзіне қаратудың амалы еді. Егер де бұл территория РСФСР-дің құрамына қарап кетсе, Башқұрт, Татар, Қазақ Республикаларының арасы бөлініп, түркі жұртының іргесі ажырап кету қаупі туатын. Енді саясат сахнасына құқықтық-басқару мәселесі туралы қисындар шықты. Қызыл әскердің қысымы күшейіп, басымдық таныта бастады. Саясат сахнасына тағы да Кеңес өкіметі шықты.
1918 жылдың екінші жартысы мен 1919 жылдың 11 айы, шындығында да, «қозғалыс мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибе» үйретті.«Шығыс Алашорданың» Кеңес өкіметімен «қайтадан қойындасып», бейтарап саясат ұстануына Ахмет Байтұрсыновтың 1919 жылғы көкек айындағы Мәскеумен келісімі, Кеңес өкіметін «Алашорданың» мойындауы әсер етті және: «Дәл қазір атамандардың арасындағы аранда қалған «Алашорданың» шығыс бөлімі бірден Кеңес өкіметі жағына шығуға мүмкіндігі жоқ» деген мәлімдемесі мен «Батыс Алашорданың» Кеңес өкіметімен арадағы жүргізген саясатының нәтижесі болатын. Бұл мәселелер алдыңғы тарауларда жан-жақты тәптіштеле талданғандықтан, бұл арада тоқталып жатпаймыз. 1919 жылы 4 қараша күнгі Ә.Бөкейханов шақырған кеңесте «Алашорданың» Кеңес өкіметі жағына шығатыны туралы шешім қабылданды. 18 қараша күнгі Семей облыстық ревкомының мәжілісіне Ә.Ермеков, М.Әуезов, Р.Дүйсебаев қатысты.
Ә.Ермеков (1930 жылғы 15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «
Мен шұғыл түрде Семей облысын Қазақ революциялық әскери комитетінің қарамағына беру мәселесін шешу үшін Орынборға іссапарға жүріп кеттім. Орынборда бірден мені Семей және Ақмола облыстарын Қазақ революциялық әскери комитеті басқармасының құрамына кіргізу туралы мәселені күн тәртібіне енгізу үшін және республиканың құрылғанын жариялайтын декретті дайындау үшін Москваға жіберді».«Алашорда» үкіметі туын түсірісімен, автономиялы республика деңгейінде қалып отырған Башқұрт үкіметінің төрағасы З.Валидов бұрынғы келісімшартты негізге алып, 1919 жылы 13 желтоқсан күні Қазақ–Башқұрт Республикасын құру туралы ұсыныс түсірді. Бүкілодақтық атқару комитетінің президиумы саяси оқиғаның күш алып кетуінен сескеніп, сол күні орталық комитеттің төралқасы төтенше отырыс жасап, «
Қазақ–Башқұрт Республикаларының қосылуы туралы мәселе мақұлданбасын» деген қарар шығарды.
1920 жылы 9наурыз күні Қазақ әскери-революциялық кеңесі «Алашорда» үкіметінің тағдырын бүтіндей шешіп берген бұйрық шығарды. Онда:
«1. Өзін «Алашорда» деп жариялаған үкімет және соған қарасты барлық жергілікті мекемелер РСФСР-дің Конституциясында бекімегендіктен де, таратылсын. Ол өмір сүрген кездегі шығарылған заң, нұсқаулар мен бұйрықтар жарамсыз деп табылады. Барлық мүлік пен ақша белгілері, қару-жарақ, әскери қор мен жабдықтар тиісті комиссариатқа және аймақтық, облыстық уездік ревкомдардың арнайы бөліміне тапсырылсын», – деп атап көрсетілді.
***
Сөйтіп, «мәңгілік ерікті елді» аңсаған Алаш идеясы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанынан бастап, 1920 жылдың 9 наурызына дейін – тура 711 күн тәуелсіз өмір сүрді. Сол күні Ә.Ермеков, Д.Ж.Төленов губревкомның құрамына кірді. Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев, А.Шикібаев, М.Әуезов губкомның бұратана халықтар бөліміне қызметке бекітілді. Тек Ә.Бөкейханов қана автономия жарияланғанша, өзін большевиктердің ықпалынан тыс ұстап, автономия туралы қаулыны қасарыса талап етті.
Қазақ әскери-ревкомы 1920 жылы 16 мамырда шекараны анықтау комиссиясын құрды. Оның құрамына Әйтиев, Ермеков, Кулаков, Авдеев кірді. Шекара межесін белгілеу үшін Ә.Ермеков Кремльге жіберілді. Бұл Ә.Ермековтің саяси қайраткерлігінің ең жауапты және қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған аңсарлы күндері еді.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «
Москваға барғаннан кейін ревком мүшелері маған республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттарды жинастыруды және ұлттар жөніндегі халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын – Т.Ж.) декреттің жобасын жасауды тапсырды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мені ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің өкілдігіне уақытша уәкіл етіп қалдырды. Мен Москвада Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен кездестім. Олар менің жаңа саяси бағытыма таңдана қарады, менің солшыл пікірлерімді біраз тыңдап тұрды да, сынауға көшті, біздің пікір алысуымыз ерегіске ұласып кете жаздады».Қазақ автономиясын құру жұмысына Сталиннің өзі тікелей араласып, 1920 жылы 18 мамыр күні Сібір, Түркістан, Мусбюро, Орынбор, Челябі, Бөкей ордасы, Қазақ ревкомдары өкілдерін және «Алашорданың» барлық көсемдерін, оның ішінде басты адам ретінде Әлихан Бөкейхановты қадағалай шақыртып, Қазақ өлкесін басқару мәселесін талқылады. Осы ретте, біз қазақ мемлекеті үшін аса бір тағдырлы да талмауытты және осы уақытқа дейін тарихшылар нақты талап бере алмай жүрген оқиға болғандықтан да, Ә.Ермековтің тергеушіге берген көрсетіндісіне қоса, 60-жылдардың соңында «Білім және еңбек» журналында жарияланған, сол үшін бас редакторы Талап Сұлтанбеков орнынан алынған мақаланы, бауырлары К.Мәкенбаев пен Қ.Сәдуақасовтың басылымындағы мәтінді өзіміздің қолымыздағы Ә.Ермековтің қолжазба нұсқасымен салыстыра отырып пайдаланамыз.
Әлімхан Ермеков,
«Менің Владимир Ильич Ленинмен 1920 жылғы кездесуім»: «Кеңес әскері Колчакты құлатып, талқандаған соң, 1919 жылдың соңында губерниялық Кеңес өкіметін ұйымдастыру үшін Сібір ревкомының мүшесі Косарев (Ленин комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы, белгілі Косаревтің әкесі) Омбы қаласынан Семейге келді. Ол Семей қаласының жұмысшы аудандарында қазақ жұмысшылары мен жатақтары қатысқан бірнеше жиын өткізіп, олардың ішінен сайланған өкіл ретінде губерниялық революциялық комитетке мүшелікке ұсынылып отырған кандидаттар туралы олардың пікірін білді. Оның өзінің ұсынысы бойынша Завадский –төраға, Большаков – хатшы және мүше ретінде Құрамшин, Төленов және мен губерниялық революциялық комитеттің құрамына кірдік.1919 жылдың күзінде-ақРКП(б) ОК мен Кеңес өкіметі Қазақ өлкесін басқаратын Қазақ революциялық әскери комитетін құрған болатын. Оның құрамына: Пестковский –төраға және Әліби Жангелдин, Меңдешев Сейтқали, Әйтиев Әбдірахман, Арғыншиев Сағынгерей, Ғұбайдолла және Әлиасқар Әлібековтер, Қаратаев Бақытжан, Тұнғашин, Бегімбетов Нысанғали және басқалар оның құрамына мүше боп кірді.Семей губревкомы басында Сібір ревкомына қарады, кейіннен орталықтың қазақ даласын басқаратын Қазақ әскери ревкомын құру туралы қаулысы шыққаннан кейін бұл губернияны басқару және оны соңғысына қосу туралы мәселе қойылды. Кезек күттірмейтін бұл мәселені шешу үшін 1920 жылы мамыр айының басында мен Орынборға іссапарға жіберілдім, Қазақ әскери ревкомы және біздің республикамыздың ұйымдастырылуы мен қалыптасуы кезіндегі уақытша орталығы осы Орынбор болатын. Екі облыстың – Семей және Ақмола облыстарының Қазақ әскери ревкомына қосылуы және оның қарамағына берілу мәселесі Орынбор қаласындағы мәжілісте барлық мүшелердің қатысуымен талқыланды. Талқылауда болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кіретін Қазақ өлкесіндегі барлық облыстарды белгілеу және олардың шекарасын анықтау мәселесі көтерілді».Бұл империя мен отар елдің арасындағы ең күйінішті де сүйінішті, мүдделері тоғыспайтын, жүйкені шүйкелейтін жанкешті жұмыс еді. Ал Әлімхан Ермеков үшін болашақтағы тәуелсіз Қазақстанның территориясын анықтап беруі тиіс ұлт аманаты болатын.
Ә.Ермеков (жалғасы):
«Мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін Қазақ әскери ревкомының қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 майдағы № 2043 мандатпен «Жалпы Қазақ өлкесі, оның ішінде шекара мәселесі» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттандым. Қазақ революциялық әскери комитетінің шешімімен ВЦИК-тің жанындағы Қазақ әскери ревкомының өкілетті коллегиясының төрағасы болып тағайындалдым әрі ВЦИК-тің президиумының қаулысы бойынша Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшесі болып бекітілдім. Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшелерінің қатарына сондай-ақ Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин кірді. Мәскеуде жүрген төрт ай уақыттың ішінде мен Қазақ әскери ревкомы мүшелерімен тығыз байланыста болдым. Олардан автономиялық республиканың құрылуы мен оның шекарасын анықтау мәселелері жөнінде тиісті нұсқаулар алып тұрдым».Сол жылы 23 шілде мен 7 тамыз аралығында өткен ІІІ Интернационал конгресінің қарсаңында ұлттық автономия мәселесі ең басты саяси пікір таласына айналды. Алаңдататын оқиғалар күн сайын шиеленісе берді. Кеңес өкіметі кез келген сәтте Қазақ автономиясынан бас тартуы мүмкін еді. Соның бір айғағы ретінде1920 жылы 19мамыр күні бұрынғы тәуелсіз Башқұртстан үкіметі «Ресейдің автономиялық губерниясы» деп жарияланады. Бұрынғы келісімшартты бұзуының себебін сұраған З.Валидовке Ленин:
«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісімшартымыз бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді. Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер басшылыққа қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да, бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де, шығыстағы отар елдерге еуропалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың басшылығы жойылмайды», – деп жауап береді.
Коминтернді пайдалана отырып, дербес Түркістан коммунистік партиясын құруға ұмтылған ішкі қозғалысқа Ә.Ермеков қарсы пікір білдіріпті.
«1920 жылы 23 маусымнан 7 тамызға дейін Коминтерннің ІІ конгресінің мәжілістері өткен еді. РКП (б) делегациясының құрамына Владимир Ильич Лениннің басқаруымен партия мен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан да делегаттар келді. ІІ конгреске РСФСР компартиясының делегациясының құрамында Тұрар Рысқұловтың т.б. қатысқаны есімде. Қазақ автономиясын Ахмет Байтұрсынов бастап барды. Конгресте Владимир Ильичтің: «Егер де алдыңғы қатарлы елдердің пролетариаты көмек берсе, әлеуметтік-экономиялық жағынан артта қалған елдер капитализмді орағытып, социализмге өте алады», – деген сөзі маңызды теориялық мәнге ие болды», – деп еске алды.
Алайда осы үш айдың ішіндегі оқиғалар араға жылдар салып барып «Алашорда» қайраткерлерінің алдынан шықты. Бұл кездесулер олардың тергеу ісіндегі басты мәселеге айналды. Бұған сәл кейінірек қайтып ораламыз.
***
Сонымен, Коминтерннің конгресі өтісімен, Әлихан Бөкейхановтың тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. Онда әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Ал жер жөнінде, соның ішінде солтүстік облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегі Кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде Әлихан Бөкейхановпен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Кейін одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері жер туралы заң мен қаулы-қарар қабылдар алдында Ә.Бөкейхановтың пікіріне жүгініп барып, талқыға ұсынып отырғанын тергеу деректері де растайды.
Әртүрлі мүдделер мен ұсыныстарды жинақтап, талапкер жақтардың дәлелдері мен сараптамаларын саралап, жан-жақты дайындалған комиссия мәжілісі 9-10 тамызда Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының коллегия мүшесі А.З.Каменскийдің төрағалығымен өтті. Қазақ мемлекетінің тағдыры шешілген, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі территориясын түбегейлі анықтап берген қасиетті мәжіліс болғандықтан да және оның аса маңызды құжат екенін ескеріп, «Алашорда» тарихын алғаш құжаттық тұрғыдан егжей-тегжейлі зерттеген тарих ғылымының докторы, профессор Дина Ахметжанқызы Аманжолованың пайымдауын негізге ала отырып, комиссия мүшелерінің тізімі мен лауазымын, пікірлерін қоса ұсынамыз.
Мәжіліске: Ұлттар жөніндегі халық комиссариатынан – М.Сұлтанғалиев, Жер жөніндегі комиссариаттан – А.Д.Цюрупа, баяндамашы ретінде Семей облысы атынан – Ә.Ермеков, Қазревкомнан – С.Пестковский, М.Мырзағалиев, Г.Кулаков, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, Г.Әлібеков, Мәскеудегі қазақ өкілдігінен – П.Петровский, Орынбор губаткомынан – И.Мартынов, Түрккомиссиядан – Г.Сафаров, Сібір ревкомынан – В.Соколов, Омбы ревкомынан – И.Полюдов, Челябі губкомынан – Поляков, Бөкей ордасынан – С.П.Милютин мен Д.Темірәлиев, Ақмола облысынан – Итбаев пен Оразаев, Астраханнан А.Каримов қатысты.
Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: Астрахан, Урал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкіл тұрғындардың 54 пайызы екенін атап өтіп ол:
«Қазақстанның шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егер де қазақтардың дені осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, …онда бұл облыстардың өзара тығыз экономикалық байланыста екені көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сыпат алады, бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар мәдени және экономикалық орталықтар да аралас облыстық құрылымдар (Сібір ревкомы және т.б.) талап етіп отырған территориялардың құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық және экономикалық-мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып Қазақ автономиясының құрамын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қаралып отыр», – деп (сонда, 361-бет), мәселені тікесінен және шешімді түрде қойды.
Бұл аса тағдырлы да тауанды талап еді. Ол талаптан бас тарту қазақ жерін телімдеумен пара-пар болатын. Осы тұста өзгелердің назарын өзіне қаратып, көзқарасын Қазақ автономиясының мүддесіне бейімдеп, дәлеліне сендіріп, бауырына тарта баурау тұрғысынан алғанда Әлімхан Ермековтің туа біткен шешен де өжет мінезі, мысы басым дегдарлығы, қисынды ұстанымы қазақ мемлекеттігінің негізін қалап, территориясын анықтауда шешуші қызмет атқарды. Ол өзінің аса жүйелі және батыл қисындары арқылы оппоненттерінің пікірлерін шарасыз жансыздандырды, олардың талаптарын: Кеңес өкіметінің шешімімен, «байырғы халықтар еркіндікті қабылдап, Ұлы Октябрь революциясының жемістерін жинауы» үшін құрылып отырған автономияға қарсылық боп көрінуі мүмкін екенін тегеурінді емеурінмен жеткізді. Жанын үшкіріп, Әлімханның жанына қосқандай болып отырған, мысымен де, демімен де демеп отырған Әлихан Бөкейханов:
«Мен сен сөйлеп отырғанда көтеріліп-басылған жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Сөйлегендегі жалының бетімді шарпыды», – деп баға берді.
Бұл пікірді Сібір ревкомының өкілі В.Соколов та өзінің 60-жылдары жарияланған естелігінде:
«Қайратты қара шашы артына қайырылған, келбеті қазақтардан оқшаулау жас қазақ жігіті жалындай шарпып, аса қызу сөйлеп, ораторлық қисынды қабілетімен комиссияның ықпалын өзіне қаратып алды», – деп («Мәдениет және тұрмыс», 1964, №11) жазды.
Шындығында да, мүлдем басқа талап қойып, солтүстік облыстарды Ресейдің құрамында қалдыруға өкім дайындап келген В.Соколов қарар үшін дайындаған сөзін жұмсартып:
«Баяндамашының пікіріне негізінен қосыламын. Алайда солтүстік облыстардың Сібірден бөлінуі, онда шоғырланған орыс тұрғындарының Қазақстанға мәжбүрлі түрде қосылуының салдарынан ұлтаралық алауыздықты туғызуы, өзара қақтығысқа алып келуі мүмкін. Сонымен қатар Орынбор әкімшілік орталық ретінде казактар мен қазақтардың арасындағы қырғиқабақ қатынасты өршітуі мүмкін, сөйтіп, қазақтар көтерілістің отына шарпылатын қауіпті жағдайға тәуекел етіп отыр. Ресей тарихы қазақтарға Қазақстанның аса ауқымды территориясын басқара алатын мемлекеттік аппарат құратындай мардымды білім мен ұйымдастыру тәжірибесін игеруге мүмкіндік берген жоқ. Ал мұндай басқару аппаратынсыз Қазақ автономиясы таяу арада өз-өзінен ыдырап тынады. Жерді бірте-бірте өз үлесіне қаратып, басқару аппаратын құрғанша бірталай уақыт керек, сондықтан да бұл міндетті қазір Қазақ ревкомымен тығыз байланыста басқарып отырған Сібір ревкомы мен Түрккомиссияның құрамында қалдыру қажет», – деп (сонда, 361-бет) ұсыныс айтты.
Қазір бұл пікір ашық қарсылық есебінде бағалануы мүмкін және Сібір ревкомы бұл ұсынысты 1922 жылға дейін ұстанып, солтүстік облыстарды қарамағынан шығармады. Алайда сол кездегі, сол күнгі психологиялық ырғасу тұрғысынан алғанда бұл «жұмсақ пікір» еді. Әйтпесе Қазақ автономиясына солтүстік облыстарды беру Ресейді бөлшектеу, қазақ еңбекшілерін социалистік қоғамнан шеттету, пролетариаттық интернационалдық парыздан бас тарту, қызыл армияның төгілген қанын қорлап, Кеңес өкіметінің орнығуынан бас тарту ретінде мәлімдеме жасалса, бұл мәселенің дәл сол кезде шешілуі және шешіле қалған жағдайда да, солтүстік облыстардың Қазақстан құрамында қалуы неғайбыл еді. Ал жаңағыдай «автономияны мойындай отырып, келтірілген «бірақ тар», сөз арасындағы саяси «брак» сылтау ғана еді. Түркістанның білгірі, Түрккомиссияның өкілі Г.Сафаров та:
«Түркістандағы қазақ облыстарында Кеңес өкіметі әлі орныға қойған жоқ, бұл бағытта өз бетінше жұмыс істей алатын күш те жоқ, сондықтан да әуелі негізгі құрылымды нығайтып барып, содан кейін ғана бірте-бірте іске кіріскеніміз жөн», – деп солқылдақтық танытты.
Түркістан республикасын «әсірекеңестендіріп, бір күнде социализм орнатпақ болып, мемлекетті анархиялық жағдайға әкелгені үшін» Кремльге шақыртылып алынып, Түрккомиссияның жетекшілігі міндетін атқарған Г.Сафаров Қазақ автономиясының құрылуына мүдделі емес болатын, керісінше, Т.Рысқұлов, Н.Хожаев сияқты жергілікті қайраткерлерді Сталиннің ырқымен биліктен ысырған «аралық қайраткер» еді. Автономияның құрылуына тікелей мүдделі Қазақ ревкомының төрағасы С.Пестковскийдің өзі:
«Қазақстанда өзгелер сияқты ұлттық автономия құруға болмайды. Тек территориялық принципті ұстану ғана ақылға сыяды», – деп түпкі пиғылын танытты.
Ал «кеңестік жер иесі» мекемесінің өкілі А.Д.Цюрупа:
«Егер де шөлейтті далаға құнарлы жер қосылмаса, онда бұл өлке өмір сүре алмайды. Қазақ өлкесінің барлық басқару құрылымы Қазақ ревкомына бағындыра шоғырлануы тиіс, әйтпесе осыған дейінгі қалыптасқан жағдай өзгермейді», – деп орынды пікір білдірді.
Түрккомиссияның тізгіні қолынан шығып бара жатқанын сезген Г.Сафаров тағы да өзеуреп:
«Орынборда отырып, Жетісу мен Сырдарияны басқарамын деу – мазақ қана емес, арандату. Мұндай саясат ұлттық утопия», – деді.
Ал Ахмет Байтұрсынов үшін бұл қиял емес, нақты тарихи мүмкіндік еді. Ол осы автономия үшін «Алашорданың» мүддесін Кеңес өкіметімен байланыстырған және оған кепіл ретінде өз басын тәуекелге тіккен тағдырлы тұлға болатын. Сондықтан да өзеуреген Түрккомиссияның алдын ала Сталинмен келісіп, тұжырымдаған пікірінің бетін бірден қайырып:
«Әңгіменің басын бірден ашып алу керек. Егер де Қазақ өлкесі өзін-өзі билей алмаса, онда республика құру мәселесінің пісіп-жетілмегені, оны құруға тиісті жағдайдың жасалмағаны ғой, онда бос сөзді доғару қажет. Демек, бәрінен бұрын басты мәселені – бұл республиканы құрудың қажеттігі бар ма, жоқ па, соны шешіп алу қажет. Егер де бұл мәселе оңды шешілсе ғана, содан кейін барып сол республиканы басқара алатын күштерді құруды қолға алу қажет, ал ондай күш бар», – деп сеніммен айтты.
Ал Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың беделінің алдында Г.Сафаровтың сүреңі оңып сала беретін. Сол кезге дейін әсіресолшыл, бір жылдан кейін әсіреұлтшыл бағытты ұстаған Сталиннің орынбасары М.Сұлтанғалиев үшжақты пікірдің «алтын өзегін» ұстап:
«Егер де Түркістан мен Сібірдегі билік әлсіз болса, ал мұның шындық екенін ешкім жоққа шығара алмайды, онда олардың іс-әрекеттері Қазақ ревкомының, орталықтың өкімімен үйлесетініне ешкім де кепілдік бере алмайды. Сондықтан да бұл облыстардың ревкомының жұмысы орталықтың өкілетті қарарларымен реттеліп отыруға тиісті. Басқару билігі Қазақ ревкомында болуға тиісті, ал қалған орталықтар соның ұлттық, әлеуметтік-экономикалық шешімдері бойынша жұмыс істеп, Қазақ ревкомының шешімдерін жетекшілікке алуы тиіс», – деген пікір білдірді.
Міне, осы арада бас баяндамашы Әлімхан Ермеков өзінің ұстанымы мен дәлелін түбегейлі орнықтыру мақсатында қайыра жарыссөзге шығып:
«Автономия беру мәселесін принципті түрде бірауыздан қолдай отырып, автономияны құруға келгенде сөз бен істің арасынан алауыздықтың туып отырғаны түсініксіз. Анығында, мәселе: республиканы құрудың қажеті бар ма, жоқ па дегенге тіреліп тұр. Егер мен дұрыс түсінсем: тек насихат үшін ғана емес, нақты іс жүзіндегі жұмыс істейтін автономия туралы сөз болып отыр, ендеше, соған сай басқару аппараты құрылуы тиіс, онсыз қазақтар өзін-өзі басқара ала ма дегенді былай қойғанда, республика жөнінде сөз қозғаудың өзі мағынасыз бос мылжың ғана. Ал Қазақ ревкомын қызметкерлермен қамтамасыз етуді орталық мойнына алсын», – деп, басты назарды автономияның жариялануына аударды.
Сөйтіп, 10 тамыз күні комиссия төрағасы А.З.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе:
«Қазақ республикасын құру – шешілген мәселе, қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына берудің жолдарын қарастырсын», – деп жариялады.
Бұл үлкен жеңіс еді. Алайда бұл жеңісті тиянақты ету үшін автономияның территориясы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығуы тиіс болды.
Ә.Ермеков (Естеліктен):
«Москваға келгеннен кейін В.И.Ленин төрағалық еткен комиссияның отырысында мен Қазақстандағы жағдай туралы баяндама жасадым. Маған дейін Түркістан республикасындағы жағдай туралы Түрккомиссияның мүшесі, жолдас Сафаров сөйледі. Аса қуатты жігерге ие бұл адам отарланған аудандардағы бұратана халықтың аса ауыр жағдайы мен Столыпин реформасынан кейін қоныс аударушылардың кесірінен туындаған қиыншылықтарды сондай бір сенімді де нақты дәлелдермен жеткізе білген тиянақты баяндама жасады. Ол өзінің атақонысынан айырылған және келімсек-кулактардың аяусыз тәркісіне ұшыраған қазақ батырақтарының бишаралығы мен көрген қорлығын ашына айтты. Ол шұғыл түрде жер реформасын жүргізіп, барлық кулактардың жерін тартып алып, олардан алынған жерді бұрынғы иесіне қайтарып беруді талап етті. «Сонда ғана бұратана халық бостандықты сезіне алады, ұлы Қазан төңкерісінің жемісін көре алады», – деді. Владимир Ильич оның көзқарасын қолдады және содан біраз уақыт өткен соң, Ораз Жандосовтың т.б. қатысуымен Түркістанда жер реформасы жүргізілді». 12 тамыз күні Лениннің төрағалығымен өткен мәжілісте Ә.Ермеков негізінен Қазақ автономиясының шекаралық аудан мәселесіне баса назар аударды.
Ә.Ермеков (Естеліктен):
«Мен өзімнің баяндамама кіріспей тұрып, ұлы Октябрь революциясы көсемінің алдында қатты толқыдым. Бірақ оның қарапайымдылығы, мейірімділігі, кіші халықтарға деген ерекше қамқорлығы маған жайма-шуақ әсер етті. Баяндама кезінде мені оның ширақтығы, ойының өткірлігі, аз халықтың баяндама жасаған өкілін әділ де батыл қолдауы бейжай қалдырмады.Көтерілген барлық мәселелерді талдауы мен ондағы қойылған мәселелердің барлығынан хабардар болуы және оған бойлай енуі таңғаларлық еді. Ол менің баяндамама да қатысты қызығушылық пиғыл көрсетті: мұқият тыңдады, мүмкін болатын қателіктерден сақтандырды, ал әділ шешімді талап ететін қажетті шараларды батыл қолдады. Владимир Ильич тек тыңдап, талдап қана қоймай, әрі қызына пікір айтып, бүкіл баяндаманың басынан бастап, аяғына дейін белсене қатысып отырды. Сөйтіп, адамзаттың ұлы данышпаны маған ұмытылмас әсер қалдырды. Осынау ұлы ойшыл-революционердің рухы алдында басымды иіп тағзым етемін.Енді Владимир Ильичтің баяндамадағы шиеленіскен мәселелерді дұрыс шешуге қатысып, берген көмегі туралы, елу жылдан кейін де есімде қалған жеке-жеке эпизодтарға тоқталайын.Мен өзімнің баяндамамда, негізінен, Қазақстанның шекарасын анықтауда үлкен маңызы бар күрделі де шиеленіскен жер мәселесіне тоқталдым (бұл мәселелер Лениннің көзі тірісінде шешілген болатұғын, сондықтан да қазір тарихи-анықтамалық қана сипат алады).Патшалық Россия кезінде сол кездегі қолданыстағы заң ережелерін бұза отырып, қазақ жұртының иелігіндегі өзен, көл жағалауын, орман алқабын, саяжай орналасқан тоғайларды, қара топырақты жерлерді, жасыл алқаптарды тартып алған болатын. Ал бұл «белдеулердің» Ертіс бойындағы көлемі әуелде ені 10 десятинадан бастап, ұзындығы 70 десятинаға дейін жетті, ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы әйгілі «миллиондық қор» деп аталатын аса ірі атырау мал өндірісімен айналысушылардан тартып алынып, шіркеуге, қазыналық қарашығын деп аталатын салғырттың есебіне және қазынаның жеке билігіне берілді.Қазақтардың пайдалануындағы жерлерді тартып алатын мұндай әпербақандық Ресейдің ішіндегі аса ірі жер иелері мен помещиктердің: құлқын жоқтайтын столыпиндік реформадан кейін тіпті өрістеп кетті. Ол мемлекеттік дума мінбесінен: «Қазақ даласы мен Түркістандағы ұйымдасқан кулактардың қожалығы жергілікті тұрғындардың мүддесін ескермеуі тиіс, керісінше, ол патша режимінің тірегі болуы тиіс», – деп ұран тастап, патшалық саясаттың тірегіне айналды. Сөйтіп, жергілікті тұрғындарды ойламай, Қазақстан мен Түркістанда кулактардың иелігіндегі шаруашылықтың қанат жаюына бар күшін салған еді. Онда (мәжілісте – Т.Ж.) Каспий жағалауы туралы мәселелер өткір пікірталас тудырды. Ал жергілікті тұрғындардың жер туралы мәселесі тіпті қаралған да жоқ болатын. Ертістің он шақырым сол жақ беті 1904 жылғы орыс-жапон соғысы алдында сенат үкіметінің қаулысымен Сібір казактарының иелігіне берілген. Ал Қазақ елі өзінің ата-бабасының жерінен айырылып қана қоймай, оның үстіне осы жайылымдыққа малын бағу үшін орыс кулактарына орасан зор қаржы төлеп, тез арада кедейлікке ұшырады. Сөйтіп, олар әрбір казак семьясына қызмет ететін үй шаруасындағы жұмысшы ретінде батырақтарға айналды. Қазақ өлген кісісін жерлеу үшін зират орнына алтын ақша есебімен 18-20 сом төлегені туралы деректер архив құжаттарынан белгілі.Мен баяндамамның соңында: осы он шақырымдық жерді қазақ халқы ежелден иеленіп келгендіктен де, өздеріне қайтарып беру туралы ұсыныс жасадым.Ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауы салық жинайтын жер болып жарияланғанымен, патша өкіметі қазақ тұрғындарын иеленген жерлерінен көшіре алмады. Себебі Каспийдің солтүстік жағына қарай «Рың (Нарын – ? – Т.Ж.) құмдары» деп аталатын құм бұйраттары созылып жатыр. Экономиканың қатал заңы тұрғындарды Каспий теңізі жағалауына қуды. Онда олар балық аулаумен шұғылданып, кемеде жұмысшы болып істеп, күнкөріс мүмкіндігіне ие болды.Баяндамамның соңында: қазақтардың бұрын иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылсын және жергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары қашан орнығып біткенше Россиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн деген ұсыныс жасадым. Осы жерде Владимир Ильич менің сөзімді бөліп: «Қызық екен, орталықтағы жолдас, біздің ЦК-ның мүшесі Сафаров: «Түркістаннан барлық кулак шаруашылығын көшіріп жіберу керек», – десе, сіз «тек жергілікті қазақтар мен отырықшылданған орыстар орын тепкенше, қоныс аударуды тоқтату керек» дейсіз. Бұл қалай? Мен мұндай пікірді күтпеп едім», – деп бір сәт күмілжи қарады. Мен Сафаровтың Түркістанның жағдайын жақсы білетінін, ол сол жерде ұзақ уақыт қызмет істегенін айта келіп, «ал Қазақстанның жағдайында ондай ұсыныстан бас тарту керек» дедім. Және де өз ұсынысыма негіз ретінде солтүстік аймақтардағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы жайлы статистикалык мәліметтерді келтірдім. «Орыс тұрғындарын көшіріп жібереміз деген шешімнің орындалу мүмкіндігіне сенбеймін, себебі ұлттар арасында алауыздық туу қаупі бар», – дедім. Сонда Владимир Ильич: «Ендеше, ойлану керек», – деді.Бұдан кейін «он шақырымдық кесімді жер» мен жерге орналастыру мен ауыл шаруашылығын ұйымдастыру туралы барынша қамти айтқаныма қарамастан, Владимир Ильич: «Тағы да қосымша айтарыңыз бар ма?» – деп сұрады. Сонда мен жастардың атынан (ол кезде 29 жаста едім): «Жерді өңдеуге және шөп шабуға арналған ауыл шаруашылығы машиналарымен қамтамасыз етсе, сөйтіп, ауыл шаруашылығы коммуналарын ұйымдастырсақ», – деген тілек айттым. Владимир Ильич қолын сермеп: «Керегі жоқ, керегі жоқ. Біз ауыл шаруашылығы коммуналары жайлы тіпті орталық Россияда да әлі ойластырғамыз жоқ», – деді. Владимир Ильичтің тарапынан айтылған мұндай сілтеме ұсынысқа мен қатты абыржып қалдым.Комиссияның мәжілісінде жасаған баяндамамның біздің республикамыздың территориясын анықтау туралы тұсында: Каспий теңізінің солтүстік жағалауының Астрахан губерниясынан Қазақстанға қайтарылғаны тиімді екендігі жөніндегі жоғарыдағы ұсынысымды қайталап айттым. Менің бұл ұсынысыма көптеген адамдар мүлдем қарсы болды. Ірі басшылар, әсіресе Астрахан губерниялық атқару комитетінің председателі (фамилиясы есімде жоқ), Лежава, Брюханов секілді басшылар «Каспийдің балығымен Москва жұртшылығын асырап отырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр» деген сылтауды алға тартты. Сөйлеушілердің бұл мәселеге теріс көзқарасын байқаған Владимир Ильич маған бұрылып: «Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді, ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі», – деді.«Мен кеше ғана институтты бітіргенмін, жақсы тәжірибені үйренуге дайынмын. Бірақ кейбір жолдастардың менің ойыма қарсы болғанына таңым бар. Өйткені Қазақстанның өзінің ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты алатын автономиялық басқару құрылымы РСФСР-дің қарамағына кіреді. Соған қарамастан, біздің Каспий жағалауының республика шекарасына кіргізілуін мақұлдағанымыз дұрыс сияқты. Себебі ол жерде негізінен балық шаруашылығымен айналысатын қазақтар мекендейді және де бұл жағалау Қазақстан территориясының ішіне кіріп тұр. Ал егер осы жағалауды тұрғындарымен бірге біздің республиканың шекарасына кіргізсе, біз оларды ұйымдастырып, Астрахан губерниясына қарағанда орталыққа әлдеқайда көп балық жіберетінімізге сенімдімін», – дедім.Владимир Ильич Астрахан губерниялық атқару комитетінің председателіне бұрылып, оған: «Жағалаудағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы қандай?» – деген сұрақ қойды. Председатель статистикалық мәліметтер жоқ дегенді сылтау етіп, сұрақтан бұлтарғысы келіп еді, Владимир Ильич: «Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар деп отырғаным жоқ, осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым?» – деді. Сонда председатель амалсыздан «қазақтар басым секілді» дегенге сайды. Владимир Ильич: «Мәселе түсінікті болды», – деп дауысқа салмақ еді, сол арада хатшы Крестинский: «Ермеков жолдас «Данциг дәлізін» ұйымдастырмақ болып отыр», – деп қыстырылып еді, Владимир Ильич: «Крестинский жолдас мәселенің маңызын түсінген жоқ. «Данциг дәлізін» Астрахан губаткомы мен біздің шаруашылық басшылары жасап отыр», – деді. Теңіз жағалауын біздің республикамыздың шекарасына қосуды жақтап Владимир Ильичтің өзі дауыс берді және оның ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданды», – деп еске алды.
Иә, Ленин мен Әлімхан Ермековтің көзбе-көз тілдесуінің нәтижесінде бүгінгі Атырау өңірі Қазақстанның құрамына мәңгілік қосылды. Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып, 24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді.
Бұл туралы аталған естелікте Ә.Ермеков:
«1920 жылы 24тамызда Халық комиссарлар кеңесі Қырғыз (Қазақ) автономиялық республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегі мәжіліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера аса іскерлік жағдайда болды, әрқайсысы өздерінің жауапкершілігін сезініп, қатал тәртіп сақтап байсалдылық танытты. Бұл мәжіліске Владимир Ильичтің өзі және біздің тарапымыздан төраға Пестковский қатысып отырды. Мәселе туралы Ұлттар жөніндегі халық комиссары төрағасының орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзінің жауапкершілігін қатты сезініп, баяндама барысында көп қиналды.Владимир Ильич декретті қарап отырып: «Байланыс торабы мұнда ЦСНХ-ның қарамағына беріліпті, неге НКПС-тің (Байланыс жөніндегі халық комиссариатының – Т.Ж.) қарауына берілмеген?» – деген сұрақ қойды. Каменский жолдас: «Татар республикасы туралы декретте осындай ереже қабылданған болатын», – деп жауап берді. Владимир Ильич таңданыс білдіріп: «Ендеше, ол ережеде мұндай шешім неге қабылданған?» – деп сұрақ қойды да, мәселенің барлығы нақты қамтылмағаны туралы баяндамашыға қатты ескерту берді. Мен бұл мәселенің мән-жайын Пестковский жолдасқа: «Біздің республикамыздағы теміржол торабының көлемі шамалы, оның есесіне салынып жатқан теміржол құрылысы ЦСНХ-ның басшылығына қарайды», – деп түсіндірдім. Пестковский жолдас сөз алып, жоғарыдағы шешімнің мән-жайын түсіндіріп берді. Владимир Ильич бұған: «Мұндай түсініктемемен келісуге де болады, келіспеуге де болады, бірақ баяндамашы болса Татар республикасы жөніндегі осыған сәйкес ережеге сілтеме жасағысы келеді», – деп ескерту жасады. Каменский жолдас өзіне түскен барлық жауапкершілік пен ауырлықты қатты сезініп қиналды, сөйтіп, осында отырғандарға алдағы уақытта ескеріп жүретіндей үлкен сабақ болды.Сөйтіп, декреттің жобасы тездете тұтас оқылып, қабылданды. Тиісті қосымшалар мен өзгерістерімен қоса, РСФСР Халкомсовының декреті 1920 жылғы 26 тамызда бүкіл елге жарияланды», – деп еске алды.
«Алашорда» үкіметі арқылы Қазақ республикасына ұласқан Алаш идеясы осылай орындалды. Оның басында сол жолда жанын құрбандыққа атаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков және ... автономия туралы пікірталаста
«Егер де сеніммен қолға алсақ, бұл мәселені толық шеше аламыз. Тек... біз әлі таптық жігімізді ажыратып үлгергеміз жоқ. Сондықтан да біз қазақ халқының ұлтшылдық ырқына да көндік, онсыз ештеңені жүзеге асыра алмайтын едік», – деп, салмақты өзіне аудара сөйлеген Әліби Жанкелдин тұрды. Оған Алаш азаматтары М.Мырзағалиев пен Ғ.Әлібеков дауыстарын қосты.
Ал бұл Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Әлімхан Ермековтің Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясы болатын. Сөйтіп, «Алашорда» көсемі өкімет билігін ресми түрде Ленинге табыстап, ал Алаштың рухани туын жаңа Қазақ автономиялық өлкесі үкіметінің қазақ істері жөніндегі орынбасары Ахмет Байтұрсыновқа ұстатты. Оған декларация жарияланысымен Әлихан Бөкейхановтың Ленинмен оңаша он бес минут сөйлесуі толық дәлел. Өзі «не ойы, не білімі көлемді емес» деп есептейтін Сталинмен кездесуден бас тартқан. Ол туралы Әлімхан Ермеков:
«В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында: «Автономияны кұру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, оның дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер», – деп кеңес берді.
Мәжіліске қатысушылар үзілісте түгелдей дәлізге шықтық. Қазақстандық делегацияның құрамы 15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттан кейін ол кісі де шықты. Біз: «Cізді Сталинге бірге кіру үшін тосып тұрмыз», – дедік. Әлихан бәрімізге салқындау қарап: «Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс», – деп жүріп кетті. Біз бәріміз аңтарылып қалдық та, Әлекеңе ілесіп Кремльден шығып кеттік. Осы күні «Бәлкім, кіріп пікірлескеніміз дұрыс болар ма еді? Кейбір мәселелер, мүмкін, басқаша шешілер ме еді?» деген ой келеді. Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң, В.И.Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қойды», – деп еске алған.
Сәбит Мұқановтың
«Біз социализмді Ермековтердің қолымен құрамыз!» деп («Есею жылдары») кекетсінген Қужаққа қосылып, ұрандатып жүрген кезі де осы жылдар болатын.
Бұдан кейін Әлихан Бөкейхановпен бірге, Әлімхан Ермеков те саясат сахнасынан мүлдем шеттетілді.Бірақ елі үшін ең маңызды міндетті атқарып кетті.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ