Қазақ жерінің шекарасы айқындалып, солтүстіктегі және оңтүстік пен батыстағы облыстарды сақтап қалуға түрткі болған қаулының шығуына, Қазақ автономиясының құрылуына ықпал еткен декретке Лениннің қол қойғанына 100 жыл толды. Осы ретте
Bairaq.kz порталы тақырыпқа қатысты тарихшылар, алаштанушылар пікірлерін көпшілік назарына ұсынып отыр. Материалдар он күн бойы жарияланады. Тарихи дата қарсаңындағы шара аясында ұсынылған маңызды ақпараттарды назарда ұстауға шақырамыз.
Бүгінгі бас материал - белгілі тарихшы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың осыдан он жыл бұрын
Azattyq.org үнпарағына берген сұхбатында айтқан пікірі.
***
Қазақ автономиясын құру, шекарасын анықтау, ол туралы ұсыныстарды жинақтау, талапкер жақтың дәлелдерін сараптау, комиссия мәселесін ұйымдастыру ісін Әлімхан Ермеков тікелей жүргізді. Ал, одақ көлемінде комиссияға халық комиссариатының коллегия мүшесі Каменский төрағалық етеді. Соның нәтижесінде 9-11 тамыз аралығында осы комиссияның алдын-ала отырыстары өтті.
Сонда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлының тікелей қатысуымен Әлімхан Ермековтің жасаған баяндамасы бойынша, жаңадан құрылатын қазақ автономиясының территориясына Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқанд, Ферғана облыстары және Алтай аймағы да кіруі тиіс болатын. Яғни әлімсақтан бері күні бүгінге дейін мекендеп келе жатқан Құлынды даласы, кешегі біздің арман әнімізге айналған Қорланның мекені, соның ішінде Барнауыл, Би, Құлынды, Қуат қалалары Қазақ автономиясының территориясына кіруі керек болған.
Аталған аумақтың жалпы территориялық көлемі 3 миллион 467 мың 922 шаршы шақырым. Осы жердің 81 пайыз аумағында 5 жарым миллион қазақ мекен етіп, өмір сүрген. Ол - жалпы халықтың 54 пайызы.
Әлімхан Ермеков өз сөзінде мынандай пікір айтыпты: «Қазақстан шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егер қазақтардың осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, онда бұл облыстардың өзара тығыз байланысы көзге анық көрініп тұр. Сондықтанда, қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сипат алады.
Бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени, экономикалық және аралас облыстық орталықтарда талап етіп отырған территорияның құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық, мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып, Қазақ автономиясының шекарасын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қарастырылуы керек».
Яғни мұндағы басты мәселе – егер Сібірревкомның ырқына көнетін болсақ, бүгінгі Қазақстанның бес облысы: Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау Россияның территориясында қалуы керек болды.
Егер сол Астрахандық делегацияның сөзіне сенетін болсақ, онда қазіргі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары Россияның құрамына кету керек болатын.
Тұрар Рысқұловтың өтініші өтіп кетіп, Түркістан мемлекеті құрыла қалған жағдайда онда қазіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары Түркістан мемлекетінің, яғни қазіргі Өзбекстанның құрамында қалып қоятын еді.
Міне, осы мәселені қойып, оны заңдастыру, қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындар мен олардың күнкөрісіне дейін нақтылап айқындау, Әлихан Бөкейханның кеңесімен, Әлімхан Ермековтің мойнына жүктелген болатын.
Алғашқы күнгі алдын-ала отырыстың өзінде-ақ Түріккомиссияның өкілі Сафаров: «Түркістандағы қазақ облыстарында кеңес өкіметі әлі орныға қойған жоқ. Бұл бағытта өз бетінше жұмыс істей алатын күш те жоқ. Сондықтан негізгі құрылымды нығайтып барып, содан кейін ғана бірте-бірте іске кіріскеніміз жөн» деген пікір айтты. Яғни Қазақ автономиясын құруға және оның территориясын белгілеуге әлі ерте деді. Осы пікірді Ресей, Алтай құрамалары, Астрахан, Сібір өкілдері де қостады.
Тіпті, Қазревкомның төрағасы Пестковскийдің өзі: «Қазақстанда өзгелер сияқты ұлттық автономия құруға болмайды. Тек территориялық принципті ұстану ғана ақылға сияды» деді. Яғни ұлттық мемлекет деп жариялауға қарсы болды. Әлгі Сафаров: «Орынборда отырып, Жетісу мен Сырдарияны басқарамын деу мазақ қана емес, арандату. Мұндай саясат - ұлттық утопия» деді. Міне, 9-11 тамыз аралығында өткен пікірталастар осындай.
Істің соңында Ленинмен бір-екі мәрте жолығып сөйлескен, Алашорда үкіметі жойылған кезде Қазақ автономиясы туралы уағдаластыққа келген Ахмет Байтұрсынұлы: «Әңгіменің басын бірден ашып алу керек. Егер қазақ өлкесі өзін-өзі басқара алмаса, онда республика құру мәселесінің пісіп-жетілмегені. Оған тиісті жағдайдың жасалмағаны ғой. Онда бос сөзді доғару қажет. Демек, бәрінен бұрын республика құрудың қажеттілігі бар ма, жоқ па - соны шешіп алу керек. Егер бұл мәселе оңды шешілсе ғана, содан кейін барып сол республиканы басқара алатын күштерді құруды қолға алу керек. Ал ондай күш бар» деді.
Осыдан кейін ғана комиссия төрағасы Каменский автономия міндетті түрде құрылу керек деген Лениннің нұсқауын негізге ала отырып, «Қазақ республикасын құру - шешілген мәселе. Қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына берудің жолдарын қарастырсын» деген жариялады.
Егер осы тұста Әлихан Бөкейханның, Әлімхан Ермековтің, Лениннің тікелей ықпалы болмағанда және осы сөзді Лениннің нұсқауына тіреп, «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па!» деген Ахмет Байтұрсынұлының қатты айтқан сөзінің нәтижесінде ғана қазақ автономиясын құру туралы мәселе шешілген. Ол дауға түспейді. Енді осы белгіленген территорияның нақты шекарасын анықтау керек деген шешім түсті.
Қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмысы ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарады. 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков естелігінде былай жазады: «Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын.
Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. Он бес, жиырма минуттан кейін ол кісі де шықты. «Сталинге кіру үшін Сізді күтіп тұрмыз» дедік. Әлихан бәрімізге салқындау қарап: «Сталин не шешер дейсің?! Оның я ойы, я білімі көлемді емес. Қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Оданда өзіміз жеке шешкен дұрыс» деп жүріп кетті. Мүмкін барғанымызда дұрыс болар ма еді. Өйткені, онсыз да дау-дамай, таласқа түсіп жатқан облыстардың бастықтары жерді пұшпақтап-пұшпақтап өзгерту туралы жаңа бір ұсыныстар жасап Сталинге кіргізуі мүмкін екен. Ал, Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті, Ленин орындауға уәде беріпті».
Сонымен, жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты.
Бір таңқалатыным: Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілген. Соның бекітілгеніне тоқсан жыл болып отыр. Тәуелсіздіктің өзі соның негізінде пайда болды. Осыны ақпарат құралдары неге айтпайды? Біздің ұлттық мерекеміз ғой. Ұлттық тәуелсіздігіміздің негізі ғой. Неге үндемейміз? Біздегі тәуелсіздік ұғымы басыбайлылыққа негізделіп кеткен сияқты көрінеді. Біз тарихымызды, тарихтағы оқиғаларды ұлықтай білуіміз керек.
Мен үшін 1920 жылдың 26 тамызы - Алла жазса, мәңгілік азат Қазақстан территориясының мәңгілікке бекіген күні, мәңгілік салтанаты.