Bairaq.kz ақпараттық-сараптамалық порталы Қазақ автономиясының құрылып, шекараның белгіленуі туралы алғашқы бастама мақұлданған тарихи сәтке 100 жыл толуына орай он күн бойы мақалалар мен сұхбаттар сериясын қалың оқырман назарына ұсынуды жөн санаған. Алдағы уақытта порталда белгілі тарихшылардың пікірлері, бірқатар архив материалдары жарияланбақ.
***
1920 жылдың 17-26 тамызы аралығында қазақ ұлтының саяси элитасы Мәскеуде болып, империя қанжығасында кетіп бара жатқан жерді қайтару үшін білімін де, күші мен мінезін де таразыға салды. Басты бәйгеге тігіп, соңғы мүмкіндікті уыстан шығармау үшін айқасты.
Кеше портал бетінде осы шаруаның басы-қасында болып оң шешім қабылдануына ықпал еткен Уәлитхан Танашев туралы материал жарық көрді. Мұндай естеліктер қолымызда көп емес. Десек те, кей тұлғалардың мемуарлық еңбектерінен ұлттың ұлы тұлғаларының сөйлеген сөздері, кісілігі көз алдымызға келеді.
Дәл осы Қазақ автономиясын құру және шекараны белгілеу мәселесі басылмай, уақыт өткен сайын шиеленісе берді. Ушыққан жағдайды назарына алған В.И. Ленин басқосуларға өзі төрағалық етуге кіріскен. Қазақ жерінің тұтастығы мен шекара мәселесі туралы баяндама жасаған Әлімхан Ермеков пен Уәлитхан Танашев осы тарихи жиындарға қатысып, жердің жыртығын бүтіндеп, кем-кетігін түгендеу үшін тер төкті.
Ол баяндамада Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұрады. Көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатын. Бұл сол аймақтардағы тұрғындардың 54 пайызы еді.
Сол мәжілісте отырғандар Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да қосылатынын білдірді. Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болатын. Өйткені ендігі кезек автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек еді.
Лениннің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол иісі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқасында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді. Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша Алаш арыстары тұғыш рет алаш жұртының шекарасын ресми түрде бектіп алды. Бұл олардың халық алдындағы аса үлкен еңбегі болды.
Отызға толмаған Ермековтың осындай ерлігіне сырттай қамқор болып, жөн сілтеп жүргендер – Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов еді. Ал үзеңгілесі – Уәлитхан Танашев.
Ел ауызындағы «Біздің Әлімханмен бес сағат сөз таластыруға шама-шарқы жеткен орыстың мынау сақау адвокаты Владимир Ульянов адамзаттың төресі екен!» деген сөз де тегін болмағаны анық.
1920 жылы шекарамыз түгел шегенделмесе де осындай ұлы бастамаға жол ашылды. Сең қозғалды. Демек біз осындай тарихи датаны ұлықтап, перзенттік парызымызды адал атқаруымыз керек. Шекара мәселесі жарты ғасырдан астам уақытта ғана толық шешілген-ді. Міне, бұл – жүйелі тарих. Бұл – үздіксіз күрес. Бұл – намыс!