Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы экс-елшісі Ермұхамбет Ертісбаев «Talap» YouTube-арнасындағы онлайн конференция барысында дәл қазіргі беларусь халқының ахуалы жайлы пікір білдірді. «Меніңше, мәжілісте, сенатта немесе биліктің кез келген тетігінде айқын фальсификация болса, баскөтеру міндетті түрде орын алады. Біз билік ауысуына салқынқанды қарауымыз керек. Облыста, ауданда басшының ауысуы, тіпті, президенттің ауысуы – қалыпты жағдай. Тек ең жоғары басшы қашан кету керектігін және орынына кімді ұсынатынын ойлауы керек», - деді ол.
Ертісбаев былтырғы президент сайлауында Минскідегі сайлау учаскесінде болғанын айтты.
«Былтыр бізде барлығы таза әрі шынайы болды, учаскеге жүздеген адам келді. Біздің учаскеден Тоқаев 53,8 пайыз, ал Қосанов 39-40 пайыз дауыс жинады. Бұл – керемет нәтиже», - деді экс-елші.
Ертісбаев егер Лукашенко 54-55 жинап, 44-45 пайыз дауысты Тихановскаяға бергенде мұндай жағдай орын алмас еді деп отыр. Сондай-ақ экс-елшінің айтуынша, Лукашенко сайлаудан кейін барлық кандидаттарды резиденциясына шақырмағаны қате болыпты.
«Путин соңғы сайлауда осылай жасады. Бәрін жинап, бірге жұмыс істеуге шақырды. Егер 80 пайыз дауыс жинасаң резеңке оқ атудың қажеті қанша? Сабырлы бол. Адамдар шеруге шығуға құқылы. Тұрсын, жүрсін, айтсын. Мен күш қолдануға қарсымын. Билікті тартып алу – қылмыс», - деді ол.