Қарағандылық шенділер мемлекет басшысының орта және шағын бизнесті қолдау туралы тапсырмасын өте жақсы тыңдаған секілді. Қазір еліміздегі ең үлкен облыстың орталығындағы көшелерде қызу жұмыс жүріп жатыр. Тұрғын үйлердің түр-әлпеті түзеліп, қисайған шатырлар қайта бой көтеріпті. Дәл осындай құрылыс жұмыстары Ленин және Поспелов атындағы көшелердің қиылысынан аттап өтпеді. Бұл жерде жақын арада «Кинолента» атты монумент пен кішігірім саябақ салынбақ. Металл мен бетоннан құйылатын ескерткіштің, абаттандыру жұмыстарының, бірнеше орындықтар мен шамдардың жалпы құны 187 413 821 теңгеге бағаланыпты.
«Тарихи оқиғаларға арналған «Кинолента» композияциясы айналып тұрған фотопленка пішінінде болады. Бұл жерде қала мен ел тағдырындағы маңызды оқиғалар бейнеленеді», - деп жазылған сарапшы қорытындысында.
Монументтің металл бөлігінде қала тарихынан бір үзік сәттер ойылып жазылады. Ескерткіш қоюшылар мен тапсырыс берушілердің айтуынша, ерекше композицияның орыны да бекер таңдалмапты. Сөздерінек сүйенсек, ескерткіштегі тарихи оқиғаларға атақты «Политехтің» студенттері де көз салып өтеді екен-мыс.
«Монумент Қарағанды қаласының ескі бөлігінде, нақты айтсақ, Ленин кионотеатрының маңында, Ленин және Поспелов көшелерінің қиылысына қойылады. Қарағанды политехникалық университетінің студенттері үшін де бұл ескерткіш маңызды. Дәл осы оқу орынынан ел үшін қызмет еткен мықты ғалымдар, архитекторлар, инженерлер шыққан», - депті сарапшылар.
Қарағандылықтардың басым бөлігі екі ірі көшенің қиылысындағы ескерткіш жүргізушілерге қиындық туғызатынын, студенттер мен адамдар көп өтетін аумақты тарылтатынын айтады.
Тендерді мемлекеттік сатып алулар порталына 2020 жылдың мамыр айында тіркелген теміртаулық компания «Механомонтаж-2004» ЖШС ұтып алған. Техникалық спецификацияда сметалық құжаттар орынына бірқатар талап жазылыпты. 55 жұмыс орынын құрып, оның ішінде 27 қызметкерді аймақтық жұмыспен қамту орталығынан алуға міндеттелген жеңімпаз компания. Ең қызығы – сметалық құжаттардың, жобалық құжаттардың 2018 жылы дайындалып, екі жарым жылдан кейін жүзеге асырыла бастауы.
Шындығында «Механомонтаж-2004» ЖШС ескерткіштің ақшасына аса мұқтаж емес. Өйткені олар Шахан қаласындағы қазандық құрылыс аяқтау үшін миллиард теңгеден астам қаражатқа ие болып отыр.