Қазақстанда мұғалімдер мен оқушыларға 380 отандық білім ресурстарын шексіз қолдануға мүмкіндік беретін «Білім» атты тариф бекітілді. Тарифтің бір айлық құны – 990 теңге. Бұл жобаны жақында ғана Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрінің міндетін атқарушы (вице-министрі) қызметіне тағайындалған Бағдат Мусин әзірлеп, жариялады.
Мусиннің айтуынша, «Білім» тарифі ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен 380 отандық ресурсқа және қазақстандық видеоконференция қосымшаларына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
«Арнайы жасалған «Білім» тарифінің бір айлық абоненттік құны – 990 теңге. Тарифті 20-тамыздан бастап қолдануға болады. Қазір тарифті қолдану тәртібі ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге талқыланып жатыр. Сонымен қатар байланыс операторы 1 ГБ интернет трафикті беруге міндеттелді», - деді Бағдат Мусин.
Осы мәселені толық шешу үшін екі министрлік меморандум жасап, білім ресурстарына қазақстандықтардың қолжетімділік деңгейін арттыруды көздеп отыр.
Бұдан бөлек, министрлік байланыс операторларымен келісімге келіп, мектептердегі интернет жылдамдығын 8 Мбит/секундқа дейін арттыру жоспарланған.
«Бұл ақпарат аймақтардағы тарифтік жоспарды бекітетін азаматтарға бағытталған. Қазір аймақтық әкімдіктер мектептерді интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеуде», - деді министр.