ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндап, ахуалдың жақсарып келе жатқанын мәлімдеді.
«Республика деңгейінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бір апта ішінде 18 пайызға төмендеді. Төрт апта карантин нәтижесі: стационарлардағы кереуеттердің 56 пайызы қолданыста, оның ішіндегі реанимациялық кереуеттер үлесі – 36 пайыз», - деді министр.
Оның айтуынша, төрт апталық локдаун арқылы коронавирус инфекциясын жұқтырып, емделіп шыққандар санын 63 пайызға дейін артқан.
«Жедел жәрдем қызметіне жүгінетін азаматтар саны 40 пайызға азайды. Инфекцияның таралу көрсеткіші 1,2 пайыздан 0,89 пайызға түсті. Осылайша, біз денсаулық сақтау саласына түскен ауыртпашылықты еңсердік. Коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші 1 пайыздан төмен. Егер бұл көрсеткіш бір пайыздан жоғары болса, біз коронавирус инфекциясының таралу қарқыны қайта күшейді деп санаймыз.
Қатаң карантин режимін енгізгенге дейінгі көрсеткіш – 1,2 пайыз. Екі аптадан соң біз бұл көрсеткіштің айтарлықтай азайғанын байқадық», - деді Цой.
Министрдің айтуынша аталмыш көрсеткіш инфекцияның инкубациялық уақытынан кейін көріне бастайды. Қатаң карантин режимі енгізілген уақыттан 14 күн өткенде, 23-шілдеден бастап індеттің өсу динамикасының төмендегені байқалған.
«4-тамызда бұл көрсеткіш 0,89 пайызға төмендеді. Демек, біз қолданған қатаң карантин режимі елдегі эпидахуалды тұрақтандыруға көмектесті», - деді ол.