Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің карантин режимінің сақталуын қадағалауға міндетті екенін айтты.
«Пандемия әлемді шарпып тұр. Бұл індет Қазақстандық айналып өтпеді. Дерт жүздеген отандастарымызды, зейнеткерлер мен қарттарды, жастарды, белгілі тұлғаларды алып кетті», - деп жазды Тоқаев твиттерде.
Ол әйгілі балуан, қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіровтың қазасын қабылдау қиынға соққанын айтты. Оның айтуынша, коронавирус пен пневмониядан қаза тапқандар саны азаймай тұр.
«Белгілі балуан, қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіровтың қазасын өте ауыр қабылдадым. Індеттен қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын. Өлім-жітім көрсеткіші әлі күнге дейін азаймай тұр», - деді ол.
Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен барлық медициналық нысандардың басты мақсаты өлім-жітім санын азайту екенін айтты. Сонымен қатар Президент Үкіметке карантин режимінің сақталуын қатаң қадағалау туралы тапсырма берді.