Еліміздегі стационараларда кереуеттер саны соңғы үш аптада 50 мыңға жеткен. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Соңғы аптада коронавирустан қаза тапқандар саны тұрақтанды. Ал тәулігіне шамамен 1500-1600 адам инфекция жұқтырады. Соңғы үш апта ішінде кереуеттер саны 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін жеткізілді. Біз жаңадан 19,3 мың орын дайындадық. Сонымен қатар, қосымша 5,4 мың орын қарастырылды», - деді Цой.
Оның айтуынша, осы шаралар арқылы дәрігерлердің науқастарға көмек көрсету қауқары артқан.
«Жан сақтау бөліміндегі орындардың 67 пайызы қолданылуда. Карантин енгізбес бұрын бұл көрсеткіш 91 пайызға жеткен. Сәйкесінше, қолданылған шаралар нәтижесінде қазір коронавирус жұқтырған немесе пневмония анықталған науқастардың барлығын қабылдауға мүмкіндігіміз бар», - деді ол.