Алматы орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургия орталығының меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев Денсаулық сақтау министрлігінен статистикамен «ойнауды» доғарып, пневмония диагнозы қойылғандарды да коронавирус сияқты тіркеуді талап етті.
«Ресми сайттағы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирусқа қатысы жоқ өте ауыр пневмония бар. Сайтта өлімге алып келетін жаңа пневмония пайда болды деп жазды. Статистикамен ойнауды тоқтату керек. Алдыңғы ойын қаншама адамның өліміне, көмектің кешігуіне әкеліп соқтырды», - деп жазды дәрігер.
Еске сала кетейік, Қытайдың ақпарат құралдары Қазақстанда «белгісіз пневмония» пайда болып, адам өміріне коронавирустан да қауіпті екенін жеткізген.
Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ал ДДСҰ еліміздегі пневмонияны қате диагноз деп санайтындарын жеткізді.
Бұл жағдайды ескерген Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға арнайы тапсырма беріп, шара қолдануды міндеттеді.