Атақты айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Қазақстанға Түркиядан өкпені жасанды желдету аппаратының 20 данасын сатып алды.
«Түркиядан 2 миллион теңгеге дәрі-дәрмек әкелетін боп шешкенімізді айтқанбыз. 5 мыңға жуық пікірді оқып жағдай біз ойлағаннан да жаман екенін түсіндік. Өкінішті, дым жоқ екен бізде. Бұл ақшаны 6 миллионға жеткіздік. 6 миллион! Бұл ақшаға 20 тыныс алу аппаратын сатып алып жатырмыз. Артылған ақшаның бәріне парацетомол, аспирин, маска алынатын болды», - деп жазды Айнұр Тұрсынбаева Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, аппараттар мен дәрі-дәрмек шалғайдағы өлім-жітім көп болып жатқан аудандарға жеткізіледі.
«Менің үлкен зауыт, фабрикам жоқ. Қырғын бизнесмен емеспін. Менің бір өзім осынша аппарат жіберіп жатқанда қалталы азаматтар бұдан да көп көмек көрсете алады ғой. Бізде Түркияны түбімен сатып ала алатын байлар көп емес пе?! Қырғызстан 1 күнде 800 аппарат сатып алып кетіпті! Өзбекстан күніне бәлен жүз аппарат сатып алып жатыр екен. Қазақстаннан аппарат сатып алып жатқан мен бірінші адам екенмін. Мұның бәрін өткізудің өзі бір ақырет екен, әрі қып-қызыл ақша! Тіпті ақшаң болса да аппарат алып өте алмайсың», - дейді ол.