Коронавирус инфекциясы жаһанды шарпып тұр. Бұл індетпен күресуге әлемнің барлық ұйымдары, дәрігерлері, мемлекет қызметкерлері күш салуда. Индонезияда эпидемия ошағына айналған Сурабая қаласының мэрі Три Рисмахарини дәрігерлермен кездесу барысында тізерлей отырып, жылап кешірім сұрады.
Қала әкімінің жылауына жергілікті аурухананың дәрігері палаталардың науқасқа толғаны туралы айтқан сөзі себеп болыпты. Қала әкімі жағдайды реттеуге уәде беріп, бірқатар шараларды қолданып жатқанын, әкімшілік жүйені кінәламауын өтініп сұрады.
Индонезиядағы Шығыс Ява аймағы елдегі коронавирус ошағына айналған. Ал Сурабая қаласында 5 510 адам инфекция жұқтырып, 418 адам қаза тапқан.
Қала басшысының айтуынша, алдағы уақытта қаладағы сауда орталықтарын, адамдар көп жиналатын әлеуметтік орындарды жабу шаралары қарастырылып жатыр.
Индонезияда науқастар саны 55 092 адамға жетіп, 2 805 адам қаза тапқан.