New York Times басылымы келтірген статистика бойынша Қазақстан неге алғашқы орынға шықты? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді.
«Мұндай мониторингті көптеген қоғамдық ұйымдар жүргізеді. Мен бұл статистика жөнінде бірқатар сұрақтар алдым. Қазақстан картада қызыл белгімен көрсетілген. Бірақ бұл елімізде өсу көрсеткіші күрт артты дегенді білдірмейді. Бұл – соңғы екі аптаның нәтижесі», - деді Цой.
Министрдің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі науқастарды есептеу дағдысын өзгертіп, симптомды немесе симптомсыз деп бөлуді тоқтатты. Қазір статистика ортақ жүргізілуде.
«Күнделікті жағдай қалыпты. Тәулігіне шамамен 1,5 мың науқас тіркелуде. Егер біз екі апта ішінде жағдайды осы қалыпта ұстап тұрсақ, картадағы түс өзгереді. Егер өсу көрсеткіші күрт артпаса қалыпты жағдайда болмақпыз», - деп түсіндірді ол.