Дәрігер: Бізге «план» орындап, қаржыны игеру керек деп айтты
Коронавирус дерті көптің көңілін алаңдатып, көпшілікті дүдімал жағдайда қалдырып отыр. Белгілі кардиолог Бауыржан Омаров журналист Нартай Аралбайұлының YouTube арнасына сұхбат беріп, бірқатар жағдайлардың басын ашып берді.
«Біздегі Төтенше жағдай адамдардың көңіл-күйіне, иммунитетіне әсер етті. Өйткені, өлім саны, өсу көрсеткіші аз кезде қорқынышты шаралар қолданып, халықты төрт қабырғаға тығып тастадық. Ал қорыққан, күн көзін көрмеген, таза ауада жүрмеген адамның иммунитеті төмендейді. Сосын ТЖ режимі аяқталған соң сыртқа шыққан адамдарға вирус жабысты. Мен кезінде ауруханада, кардиология бөлімінде жұмыс істедім. Мен жұмыс істеген жерде инфаркт алған адамдарды жатқызатын палата бар еді. Бір күні келсем осы палаталарда 16 адам жатыр. 16 адамның тек біреуі ғана нақты инфаркт алған. Қалғаны басқа аурулар. Бөлім басшысынан сұраған кезде «Жоспар орындап, қаржы игеру керек» деген жауап алдым. Қазіргі жағдайда да осындай ішкі, сала ішіндегі режим орындалуы ықтимал. Жыл басында да пневмониямен 25 мыңнан аса адам тіркелді, тек Алматыда. Бірақ ол кезде ТЖ жариялаған жоқ. Коронавирусты өзіміз тажал ретінде көрсетіп, халықты шошытып алдық. Қазір адамдар тіпті далаға шығуға қорқады. Көпшілік пневмониямен ауырып жатыр: өкпенің қабынуы, екіжақты қабыну. Пневмония кондиционер қосылған маусымнан бастап қозады. Ал өкпе тұсы ауырып дәрігерге, тестке жүгінгендер теріс нәтиже алып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде пневмониядан 1200 адам қайтыс болды. Коронавирустан 188 адам қайтыс болды. Бірақ екеуінің емі бірдей. Министрлік қайта-қайта жаңа протоколды қабылдап жатыр. Бұның емі жоқ: тек иммунитетті көтеру, симптомдық белгілермен күресу. Қазіргі карантин шараларын наурыз айында енгізу керек еді. Сол кезде адамдар жаппай ауыра бастаған бетте-ақ көпшілік өз бетімен оқшауланар еді. Биліктегі жоғары шенеуніктер де ауырды ғой, демек, коронавирусқа ешқандай кедергі жоқ. Шамамен, Қазақстанның 80 пайыздан астамы вирус жұқтырып, ауырып шығады. Ал әлемдегі 7 миллиард адамның барлығы – вирус тасымалдаушысы», - деді ол.