Белгілі жазушы Құлбек Ергөбек Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, халықты аман сақтау үшін жедел шаралар қолдану керектігін жеткізді. Бұл үндеуді желідегі жұртшылық кең таратуда.
«Мәртебелі Президент!
Қасымжомарт Кемелұлы!
Үкіметке, денсаулық сақтау министріне індетке байланысты жедел тапсырма бергеніңізді есітіп, қуанып отырмын! 30 жыл Алматыда, 30 жыл Түркстанда тұрамын. Бұл күндері айналам түгел сырқат! Өзім 10 күннен бері басымды көтергенім осы!
Індет кетіп барады. Ешкімді кінәлағың келмейді. Тек халықты аман алып қалуды ойлау керек!
Ресми шешім алынар. Бірақ ел ішінде жасайтын жазушы ретінде мынадай ұсыныс айтамын:
1.Елдегі мемлекеттік, жекеменшік медициналық оқу орындарын жедел ауруханаға айналдыру керек. ғимараттарын. Оларда медтехника бар азды-көпті.
2. Шипажайларды меншік иесіне қарамай, жедел жәрдем ауруханасына айналдыру жөн. Оларда да азды көпті медицина жабдықтары бар.
3. Қонақ үйлерді ауруханаға айналдыру керек.
4. Әскери госпитальдар ауруханаға айналмаса болмайды.
5. Медицина саласының ардагерлерін түгел жедел жұмылдыру.
6. Демалыстағы студенттерді ауыл-ауылда, ауданда фельдшер ретінде
жұмысқа жедел қосу, үстеме ақы төлеу жөн.
7.Аптекалардың жанынан жедел ем қабылдайтын пункт ашылғаны жөн.
8.Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бағасын бақылау!
9. Жедел жәрдем көлігі сан есе артсын!
Ауруханада орын жоқ. Жұрт үйінде емалады. Амал жоқ.
Етек алып кетпеу үшін осыны ұйымдастыру шарт!
Айтылған шаралар ең алдымен ауруды оңашалау. Сосын алғашқы жәрдем. Аурудың таралмауына тосқауыл!
Дәрігерлік жылжымалы топ дайындалса!
Өзім өліп қалады екенмін деп қорықпаймын. Халқым қырылып қала ма деп қорқамын. Халық болмаса Сіз де, біз де кімге керекпіз? Халықтан артық жаным жоқ!
Соңғы 30 жылда халық арасында өмір сүріп келе жатқан жазушы ретінде осы ащы мәселелерді айтпасыма болмады. ұсынысым Үкіметтің жедел шешімінде ескерілсе деймін!
Алла разы болсын!»