Қазақстан Республикасы Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин коронавирус инфекциясына байланысты оқшауланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Нығматуллин ешкіммен байланысқа түспей, қашықтықтан жұмыс істеген. Оқшаулануына оның 9 және 11-маусымдағы «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» заң жобасын талқылау кезінде Елжан Біртановпен кездесуі себеп болыпты.
«Елжан Біртановтың сынама қорытындысы оң нәтиже бергеннен кейін онымен байланыста болған Нығматуллин де 16-маусым күні тест тапсырды. Өкінішке орай, қорытынды оң нәтиже көрсетті. Диагнозы – симптомсыз коронавирус инфекциясы. Ол оқшауланғанымен қашықтықтан жұмыс істеуін жалғастырып отыр. Ал 17-маусымға жоспарланған Мәжілістің пленарлық отырысын оның орынбасары өткізеді», - делінген мәлімдемеде.