Атырау облысының экс-әкімі, 17 жылға сотталған азамат Бергей Рысқалиевтің бұрын тәркіленген мүлкі қайтарылады. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жоғарғы сот мәліметі бойынша Бас прокуратураның Бергей Рысқалиевтің тәркіленген мүлкіне байланысты ұсынысы мақұлданған.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр айында ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдаулетов ҚР Жоғарғы сотына Бергей Рысқалиевке және оның ағасы Аманжанға қатысты үкімді қайта қарау туралы ұсыныс білдірген.
Ұсыныста Рысқалиевтің бауырлары Рүстем Әлбақасов пен Ерболат Ізбасар туралы да айтылады. Бас прокурор сотталғандардың қылмыстық әрекеті басталғанға дейін адал тапқан мүлкі тәркіленіп кеткенін алға тартқан.
2019 жылдың 25-қаңтарында бұрынғы әкім Бергей Рысқалиевке сот 17 жыл бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім кескен. Ал оның ағасы Аманжан Рысқали 16 жылға сотталды.
Бергей Рысқалиев 2006 жылдың қазан айында қылмыстық топ құрып, Атырау облысы көлеміндегі түрлі құрылыстарды салу барысында 72 миллиард теңге жымқырған.