Мектеп директорлары біліктілігін көрсету үшін тест тапсырады. Тестілеу нәтижелері бойынша кейбіреулер қызметінен босатылса, ал кейбіреулерінің жалақылары көтеріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«Мектеп директорларының жалақысының төмендігі үлкен проблема. Биыл және алдағы төрт жыл ішінде біз оны екі есеге дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз», - деді министр биылғы жылы онлайн режимінде өткен есеп беру кездесуінде.
Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігі тиісті нормативтік құқықтық актілерді дайындады, осы айдан бастап директорлар мен олардың орынбасарлары тестілеуден өтеді.
«Тестілеу нәтижелері бойынша кейбіреулер қызметінен босатылады, кейбіреулері басқа мектептерге ауысады, ал жақсы жұмыс істейтіндер қосымша ақы алып, жұмысын жалғастырады», - деп түсіндірді Аймағамбетов.