Ішкі істер министрлігі тарапынан Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовке қатаң сөгіс жарияланды. Министрлік 25-мамыр күні Алматы облысындағы блок-бекетте орын алған апатты жағдайды сараптап, жауаптыларды жазалады.
Жол-көлік оқиғасына департамент тарапынан профилактикалық жұмыстардың уақытылы жүргізілмеуі мен заң бұзған қызметкерлерге жаза тағайындаудың осалдығы себеп болған. Департамент басшысы генерал-майор Қанат Таймерденовке қатаң сөгіс жарияланды.
«Әрбір басшы өзінің қарамағындағылар үшін жауап береді. Жеке құрамның тәртібі мен заңды әрекеттеріне де басшы жауап береді. Осындай жұмыстар Алматы қаласының Полиция департаментінде дұрыс жүргізілмеген. Нәтижесінде біз екі бірдей қызметкерден айырылдық. Үшіншісі ауыр жағдайда жатыр. Бұл апат бәріміз үшін қатты соққы болды. Сондықтан, қажетті шараларды уақытылы жүргізбеген басшыларға жаза қолданылады. ІІМ басшылығы полиция қатарындағы азаматтардың қызметіне жаңа тәртіп енгізеді. Тәртіпке бағынбағандар жұмыстан босатылады», - деді министр Ерлан Тұрғымбаев.
«Қызметтік тексеріс қорытындысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қаланың полициясында басшылық қызмет атқарған тоғыз қызметкер жазаланды. Оның ішінде Алматы қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция командирінің орынбасары подполковник Қуаныш Сатаев, Кадр саясат басқармасының басшысы полковник Олжас Мырзабеков, Жеке құрам инспекциясының бастығы подполковник Арнұр Ақылбеков жұмыстан босатылды», - деп жазылған министрлік мәлімдемесінде.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы Манап Саттаров, Жеке қауіпсіздік басқармасының басшысы Саламат Көкіребаев, Алматы Полиция департаментінің басшысының орынбасары Әбдуәлі Нашарбеков ескерту алды.
Алматы полиция департаментінің басшысының орынбасары Нұрлан Алмасбеков, Алматы полициясының ресми өкілі Салтанат Әзірбек, Алматы Полиция Департаментінің басшысы қанат Таймерденов қатаң сөгіс алды.
Еске сала кетейік, 25-мамыр күні Қарасай ауданындағы Көксай ауылының маңында блок-бекетте тұрған қызметтік көлікке мас жүргізуші тізгіндеген көлік келіп соққан. Нәтижесінде екі полиция қызметкері көз жұмды. Үшншісі ауыр халде жатыр.