«Астана» Халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов пандемиядан кейінгі әлемдік экономиканың дамуының үш түрлі бағытын айтып берді.
«Азық-түлік қауіпсіздігі пандемиядан кейінгі ең басты мәселеге айналмақ. Дәл осы уақытта Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылық көлемін арттырып, үлкен пайдаға қалуға мүмкіндігі бар. Бүкіл әлем үшін азық-түлік тасымалдаушысы болуымыз ықтимал», - деді ол.
Оның айтуынша, әлемнің барлық мемлекеттерінің үкіметі пандемиядан кейінгі әлемдік экономиканы қай бағытта дамытатынымыз туралы ойланып, нақты шешім қабылдауы тиіс.
«Біз қай жерде қандай мәселені шешу керектігімізді, қандай факторлар бар екенін, әлеуетіміз қандай екенін білуіміз керек. Мысалы, анықталған бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы. Ресей соңғы уақытта осы салаға баса күш салып, экспорт көлемін 25 миллиард долларға дейін арттырды», - дейді Келімбетов.
Келімбетовке соңғы уақытта цифрландыру, мемлекеттік басқару, қаржы нарығының тұрақтылығын сақтау сияқты мәселелердің алға шыққаны, бұл үрдістің қаншалықты маңызды екені туралы сұрақ қойылды.
«Біз бұл жылдардың шығынмен өтетінін білеміз. Бұл – салықтың тоқтауы, әлемдік экономикалық байланыстардың үзілуі, қаржы дағдарысы, мұнай өндірісіндегі дағдарыс. Карантин шараларын енгізген уақыттағы шығындар тағы бар. Біз азаматтарды, компанияларды тағы да қолдауымыз керек. Өйткені, ішкі экономика аяққа тұрып, алдағы уақыт үшін резервті толықтыру керек», - деді ол.