Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Төтенше жағдай кезіндегі президент өкілеттілігі жөніндегі заңға енгізілген түзетулер мен толықтыруларға қол қойды.
Ақорда сайтының мәліметіне сүйенсек, Мемлекет басшысы «Төтенше жағдай жөніндегі заң актілеріне бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заңға қол қойған.
Біршама уақыт бұрын Сенат дәл осы заң жобасын құптаған еді. Заң президенттің Төтенше жағдай кезіндегі өкілеттілігін кеңейтеді.
Заң қабылданған уақыттан бастап билік кеңейтілген тәртіп бойынша төтенше жағдай жөнінде шешім қабылдай алады.
«Заң жобасы мемлекет басшысының 16-наурыз күнгі «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы» жарлығы аясында қабылданды. Заң жобасының мақсаты – Төтенше жағдай кезінде елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтап қалу. Заңнама арқылы төтенше жағдай кезіндегі мемлекеттік басқару механизмдері анықталады», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Заң президенттің бірқатар мемлекеттік салаларда жеке-дара шешім қабылдауына, әрекет етуіне мүмкіндік береді.