Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысы өтті. Спикер Нұрлан Нығматулин бастаған депутаттар «Қазақстан Республикасының Парламенті және депутаттар статусы туралы» заңға өзгерту енгізуге шешім қабылдады. Сондай-ақ, парламенттік оппозиция мәселесі де қаралды.
Заң жобасын депутаттар ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламенттік оппозиция институтын құру туралы бастамасына сәйкес жасады.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, «парламенттік оппозиция» ұғымының заң жүзінде қаралуы қазақстандық парламентаризмнің жаңа беттерін ашпақ.
«Бүгін мемлекет басшысының бастамасымен елдегі демократияны дамыту үшін тағы бір оң қадам жасалды. Аталған заң жобасы арқылы күшті әрі әлеуетті парламенттік оппозиция құру процесі ерекше жандана түседі деуге болады», - деді Нығматулин.
Оның айтуынша, бұл бастаманы дамыту жолында шетелдік тәжірибе қолданылады екен.
«Заң жобасын тәжірибе жүзінде қолдануды дамыту азаматтар мен тұтас қоғамның талап-тілегіне қарай жүзеге асады», - деді ол.
Алдағы уақытта «парламенттік үстемдік» және «парламенттік» оппозиция» ұғымдары заң жүзінде іске қосылмақ.
Сонымен қатар, парламенттік оппозицияның депутаттарын Мәжілістің комитеттерінің біріне басшы етіп немесе палатаның қос комитетіне хатшы етіп тағайындау механизмі қарастырылған.