Бұл – өте маңызды жаңалық болды. Қалай десек те, Сенат төрағасы – еліміздегі ең жоғары екінші мансап. Дариға Нұрсұлтанқызының бұл орынды босатуы түрлі ойларға жетелейді.
Билік осындай мәселелерді кеңінен түсіндіруі тиіс. Дәстүрлі түрде билік тарапынан осындай шешім қабылданған кезде бірер ауыс сөз ғана айтылады. Әрине, содан кейін қоғам ішінде түрлі болжамдар, алып-қашпа әңгімелер айтылады. Себебі, мақсаты, негізі туралы тарқата айтылуы тиіс. Қазір болмағанымен, болашақта өркениетті, демократиялы мемлекеттердің тәжірибесіне сәйкес осы мәселені шешу қажет.
Ең маңызды сұрақ: Дариға Назарбаеваның отставкасы оның билік структураларынан біржола шеттетіледі ме немесе басқа бір қызметке тағайындалады ма? Болжам жасамай, әліптің артын бағалық. Қазір аптаның аяғы, дүйсенбі, сейсенбі күндері бір жаңалықтың болары анық. Әдетте, бір кадрлық шешім бір жарлықпен шектелмесі анық.
Әзірше дөп басып айтуға болатын бір ғана мәселе бар. Ол – бұл отставканың «Дариға Нұрсұлтанқызы келесі президент болады» деген қауесетке толыққанды нүкте қойылуы.
Қазір еліміздегі жағдайдың мүшкіл екені әмбеге аян. Коронавирус, бұған дейінгі түрлі былықтар, қаржылық-экономикалық дағдарыстар, мұнай бағасының құлдырауы... Алдағы бір-екі жылда Қазақстанды өте қиын кезең күтіп тұр. Бұл тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – елдегі кешенді саясатты басқару жүйесін жүргізу. Бұл істің жауапкершілігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың мойнында. Өйткені, Қазақстан – Президенттік Республика.
Қазір Президент өз командасын жасақтауда, шешуші мемлекеттік органдарға қолынан іс келетін кадрларды тағайындауда. Бұл – түсіністікпен қарайтын және Президенттің құзіреттілігінің көрінісі. Бұған дейін де түрлі ауыс-түйістер болды. Дегенмен, бұрынғы ойыншылар орынын ауыстырғанымен, саясат анау айтқандай өзгере қоймады.
Тоқаев мырза билік басына келген кезде саяси-экономикалық реформа жасайтынын, жас мамандарды саяси алаңға шығаратынын айтқан еді. Бәлкім, бұл шешім – жаңа саяси команда жасақтаудың, жастарды саяси алаңға шығарудың көрінісі шығар. Бәрін уақыт көрсете жатар...