Қытайда екпе егу науқаны қарқынды жүріп жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүкіл ел бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның 200 миллион дозасы егілген. Телеарна мәліметінше, наурыз айының соңынан бастап ірі қалаларда шетелдіктер де вакцина салдыра алады.
Бейжіңде жүрген шетелдіктер қала орталығындағы 10-ға жуық клиникада екпе қабылдай алады. Қызметкерлер базадан науқастардың деректерін шығарып, өзінен ауызша сұрау арқылы да жағдайымен танысып шығады. Бұдан соң жанама әсерлер туралы жазылған жадынаманы беріп, егу кабинетіне жібереді.
Айта кетерлігі, наурыз айымен салыстырғанда, Қытайда жасалған екпенің саны екі есе өсті. Ең алдымен вакцинаны медицина және жолаушы тасымалы қызметкерлері алған. Бүгінде елде төрт түрлі препарат қолданылып жатыр. Біреуі векторлық, ал қалған үшеуі – инактивті вакцина.