Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшы тобы қаңтар айында Қытайда зерттеу жүргізуді жоспарлаған. Алайда, Қытай тарапы елдегі коронавирустың шығу тегін зерттемек болған ұйым өкілдеріне рұқсат бермей қойды.
«Бүгін Қытай тарапы зерттеу жұмыстарын жүргізуге қажетті ресми құжаттарды бекітпегенін білдік. Мен Қытайдың жоғарғы басшылығымен әлі сөйлескен жоқпын, бұл зерттеу ДДСҰ үшін маңызды екенін айтқым келеді», - деді Гебрейесус.
Оның айтуынша, біршама уақыт бұрын ДДСҰ мен ҚХР және басқа да елдер арасында Ухань қаласынан тараған инфекцияны зерттеу туралы өзара келісім болған. Халықаралық ұйым басшысы Қытайға сарапшы топтың екі мүшесі кеткенін, қалғандары жағдайды естіп іс-сапарды шегергенін жеткізді.
«Қытай ішкі процесті жылдамдату арқылы сарапшы топты қабылдайтынын айтып отыр», - деді Гебрейесус.
Халықаралық сарапшы топ құрамына Жапония, Катар, АҚШ, Вьетнам, Германия, Австралия, Нидерланды, Ұлыбритания және Дания өкілдері кірген.