Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу абақтысында жазасын өтеп жатқан Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев аштық жариялады.
Алмазбек Атамбаев СИЗO-1-ге ауысуына байланысты аштық жариялады. Бұған дейін ол бір жыл бойы ҰҚК-нің абақтысында болған.
Медициналық көмек көрсетілуі үшін біз No47 колонияға ауыстыруды сұрағанбыз. Бірақ қандай да бір себептермен оны СИЗO-1-ге ауыстырды. Сонымен қатар, жертөлеге орналастырды. Бұрын ол жерде өлім жазасына кесілгендерді ұстаған. Кәріз жүйесі жұмыс істемейді, камераның есіктері ашық, жылу жақында ғана берілді. Қамау жағдайына байланысты Алмаз Шаршенұлы бүгін аштық жариялады, - деді экс-президенттің адвокаты Сергей Слесарев.
Атамбаевқа Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылды. Ағымдағы жылдың маусым айында ол 2013 жылы қылмыскер Азиз Батукаевты заңсыз босатқаны үшін мүлкін тәркілеумен 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Атамбаевты 6 қазанға қараған түні наразылық білдірушілер ҰҚК тергеу изоляторынан босатып алған, кейін қайтадан ұсталды.
Басып шығару