Коронавирус тіркелген елдерде Қазақстанның мыңдаған азаматы қалып отыр.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді.
«Қолда бар мәліметке сүйенсек, аталған елдерде Қазақстанның 95 мың азаматы қалып отыр. Оның ішінде 35 мың адам Оңтүстік Кореяда, 40 мың адам АҚШ-та, 5,1 мың адам БАӘ-де, 5 мың адам Германияда, 3 мың адам Ұлыбританияда, 1800 адам Италияда, 1000 адам Францияда. Бұлардың басым көпшілігі студенттер, еңбек мигранттары, шетелде жұмыс жасайтындар, олардың отбасы, туристер және кәсіпкерлер», - деді министр.
Дегенмен, бұл азаматтардың арасында коронавирус жұқтырғандар жоқ. Осы себепті Қазақстан азаматтарды эвакуациялау мәселесін қарастыруда.