Үш адам коронавирустың жаңа түрінен қаза тапқан лайнерден эвакуацияланған қазақстандықтарды үйіне қарапайым рейспен қайтарған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Токиодан Нұр-Сұлтанға коронавирус жұқтыруы мүмкін азаматпен бірге ұшып келгені үшін кешірім сұрады. Жолаушылардың барлығын 14 күндік карантинге жөнелткен.
Айта кетейік, Diamond Princess круиздік лайнерінен эвакуацияланған қазақстандықтар елге Scat әуе компаниясының ұшағымен көп жолаушының бірі болып жеткізілген.
«Төтенше санитарлық-карантин шараларының мақсаты – қоғамдық денсаулыққа залал келтіретін коронавирустың жаңа түрінің инфекциясының таралуының алдын алу. Кез келген шешім бекітілген міндеттемелер көлемінде қабылданады», - деп мәлімдеме жасады Денсаулық сақтау министрлігі.
Десек те, министрліктің қамқорлығына барша азаматтар ие бола алмады. Жапониядан ұшып келген жолаушылар өздерімен бірге коронавирус жұқтырған азамат болғанынан хабарсыз қалыпты. Ал бұл індеттен әлемде 2 600 адам қаза тапты...
Бұл туралы ішкі өкпе-ренішін әлеуметтік желіде алматылық Назым Басқынбаева жеткізді. Токио сапарынан кейінгі жоспарлары ескертілмеген карантин арқылы бұзылған қыз бүй дейді:
«Жапониядан келген бетте біз, өзімізге ескертілмеген коронавирус жұқтыруы мүмкін 4 азаматпен бірге ұшып келгеніміз үшін, 14 күндік карантинге жабылдық. Бірақ бұл төртеуден өзге 16 адамның өмірі ешкімді ойландырмапты. Алайда келген бетте олар біздің амандығымызды ойлап төсекке таңды. Менің бірнеше сұрағым бар:
1. Билікке коронавирус жұқтыруы мүмкін азаматтарды өзге жолаушылармен бірге тасымалдауға кім құқық берді? Әлде бұл мәселені SCAT-тың өзі-ақ реттей бере ме?
2. Олардың президентке жақсы есеп беруі үшін менің өмірімнің 14 күнін алуға қандай құқығы бар?
3. Менің жоспарым бұзылып, қаншама тірлігімнің қалғаны үшін моральдық және материалдық өтемақыға кім жауапты?».
Денсаулық сақтау министрлігінің айтуы бойынша, қазіргі уақытта ұшақтағы барлық жолаушы Нұр-Сұлтан қаласынан 7 шақырым жерде орналасқан медициналық нысанға жатқызылды. Олардан анализдер алынып, Айқымбаев атындағы ғылыми зерттеу орталығына жіберілді.