Әлемде, оның ішінде Қазақстанда тұтас қоғам Америка Құрама Штаттарының қазіргі президенті Дональд Трампты ақшаның арқасында арқаланып жүрген «ақымақтың» кейпінде көреді һәм қабылдайды. Тегінде... бұл көзқарас түбегейлі қате секілді.
Өйткені, әлемде алғаш рет «АҚШ компанияларына шетелде пара беруге рұқсат етуді» заңдастыру мәселесін үкіметтік деңгейде, мемлекеттік ауқымда қарастырып отыр. Әрине, бұл Дональдтың жеке-дара шешімі де емес шығар. Дегенмен, кадр таңдау ісінде, команда құрастыруда Трамптың менеджмент қағидаларына баса мән беріп, көрегенділікпен қимылдағанын байқауға болады.
Иранмен болған қақтығыста да сұлу сипатпен сытылып шыға келді. Әсілінде, бұл қадам да дойбы тақтасындағы «үш жеп, биге шығатында» тәсіл іспетті. Иран АҚШ-пен «қақтығысқан» түр жасасты. Кейін базаға шабуыл жасады, украиналық лайнерді көктен қағып түсірді... осының барлығы халықаралық заңдарға, меморандум, келісім талаптарына томпақ келетін қадам. АҚШ алдағы уақытта Иран үстінен, оның ішінде теңіз жолында үлкен рөл атқаратын Парсы шығанағына үстемдік ете бастауы ғажап емес. Ол кезде халықаралық сауда жолдары, әсіресе бізге көрші жатқан алпауыт Қытайдың тынысы тарылып, Орта Азия елдерінің үстінен өтетін керуенді сапардың саны артары да сөзсіз. Жә, тақырыпқа оралайық.
Дональд Трамптың әкімшілік бөліміндегі сенімді мамандар 1977 жылы қабылданған заңға өзгеріс енгізуге мүдделі. Бұл заңда АҚШ компанияларына шетелдегі орынтағы биік, шені жоғары фигураларды өз мүддесі үшін сатып алуға шек қойылатыны туралы жазылған-ды.
«Біз бұл сұрақты қарап жатырмыз. Бұл сұрақтың көтерілуіне біздің бірнеше компанияларымыздың шағымы себеп болғанын айта кеткім келеді. Әзірге ештеңе нақты емес», - деді Трамптың экономикалық мәселелер бойынша кеңесшісі Ларри Кудлоу.
Трамп кәсіп саласында көтерілген азамат болғандықтан осы шектеудің зардабын тартқан сыңайлы. Бұл – оның көптен көздеген дүниесі. 2017 жылы дәл осы мәселе үшін Трамп мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсонмен қатығысып қалған-ды.
«Америкалық компаниялар өз бизнесін жүргізу үшін шетелде пара беруіне тыйым салы – барып тұрған әділетсіздік. Бұл ахуалды түпкілікті өзгертуге тиіспіз», - деді Дональд.
Жыл сайын осы заңға томпақ келетін фактілердің айғақталуынан түрлі қақтығыстар, кикілжіңдер туып жатады. Бір мысал келтірелік. Қазақстан және Таяу Шығыс нарығында жұмыс жасайтын ауқымды фармацевтикалық компания Sanofi пара бергені үшін АҚШ қазынасына 25 миллион доллар айыппұл төлеуге мәжбүр болған.