Ирактың солтүстігінде орналасқан әскери-әуе күштерінің "Балад" базасына соққы жасалды. Мұнда америкалық әскерилер тұрып жатқан, - деп хабарлайды шетелдік басылымдардың бірі.
Ирак әскерилерінің мәліметінше, жексенбіде базаға "Катюша" қондырғыларынан сегіз снаряд түскен. Олардың жетеуі ұшу-қону жолағына түскен. Ирактық төрт сарбаз, оның ішінде екі офицер жарақат алған.
АҚШ Орталық қолбасшылығының өкілі АҚШ персоналының зардап шекпегенін хабарлады. Шабуылды кім жасағаны әзірше белгісіз.
Еске салайық, 8 қаңтарда Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базасына зымыран соққыларын жасаған. Олар бұл әрекетін "Әл-Кудс" арнайы бөлімшесінің қолбасшысы генерал Касем Сулейменидің көзін жоюға берілген жауап деп түсіндірген.