Иран тарапы Ирак жерінде орналасқан АҚШ-тың әскери базасы Эйн-аль-Асадқа зымыранмен соққы берді.
«Эйн-аль-Асадқа қарсы ирандықтар соққысының екінші толқыны басталды», - деп жазды Tasnim агенттігі.
Агенттік мәліметіне сүйенсек, Ислам революциясының құзырлы басшылығы АҚШ-тан Таяу Шығыстағы барлық әскери құрылғылары мен адамдарын шығаруды талап етеді. Егер бұлай жасамаса, сәйкесінше, көп шығын келтіретіндерін ескерткен.
Осы арада Дональд Трамп шұғыл жиналыс ашып, барлық атқамінерлерін Ақ үйге жинады. Жиынға Пентагонның басшысы Марк Эспер және АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпое да келді. Деректі ақпаратқа сүйенсек, Трамп халыққа үндеу жасауға оқталып отыр-мыс.
Қазір екі тараптың қарым-қатынасы уақыт өткен сайын шиеленісе бастағанына бар әлем көз тігіп отыр. Біреулер алақанын ысқылап жеке мүдде көздесе, енді бірі соғыстың болмағанын тілейді.