Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың пәтерін белгілі поп-әнші Филипп Киркоров сатып алды. Жоғары санаттағы пәтерді әнші былтыр сатып алған көрінеді.
Росреестр анықтамасы Ресейдеі Телеграм арналардың бірінде жарияланған. Құжаттағы мәліметке сәйкес, 2020 жылдың желтоқсан айында Киркоров Ақаевтан Мәскеудегі «Филипповский» тұрғын үй кешеніндегі пәтерді сатып алған. Пәтердің нарықтағы құны 1 миллиард рубль деп бағаланған. Дегенмен, әншінің жылжымайтын мүлікке қанша қаражат шығындағаны беймәлім.
Пентхаустың жалпы ауданы 537 шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй кешені Мәскеудің орталығында, Гоголевский бульвар маңында орналасқан. Ғимараттың интерьері сарай стилінде және сыртқы беті мрамормен, мозайкамен көмкерілген.
Асқар Ақаев 2005 жылдың 24 наурызында биліктен кеткен. Ол 16 жылдық үзілістен кейін, биыл 2 тамызда Бішкекке ұшып келді. Бұрын ол «Құмтөр» ісі бойынша айыпталып, іздеу жарияланған еді.
Экс-президент әуежайдан түскен бойы Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетке барып, тергеу ісі бойынша бірігіп жұмыс істеу туралы келісімге келген.
Елден кетерінде Ақаев барша қырғыз халқынан даулы жоба үшін кешірім сұрап, іске экс-премьер Турсунбек Сынгышев пен Николай Танаев жауапты екенін мәлімдеді. Ал Танаев бір жыл бұрын дүниеден өткен-ді.