Ауыр атлетикадан Қазақстанның бас бапкері Бақыт Ахметов 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Игорь Сонның тізесіндегі ауыр жарақат туралы айтып, дәрігерлерге алғысын білдірді.
«Әрине, мен нәтижеге ризамын, біз бәрібір медаль үшін күрестік. Бірінші орынды қытайлықтар алса, екінші орынды индонезиялықтар иеленді. Тактикалық және психологиялық тұрғыдан мықтылар жеңімпаз атанды», – деді жаттықтырушы.
Оның айтуынша, дайындық қаңтар айында Ақбұлақ олимпиада орталығында басталған. Екі үміткер болды – Игорь Сон және Ибрагим Берсанов. Сәуір айында өткен Азия чемпионатында Игорь Сон ең жақсы нәтиже көрсетіп, Олимпиада ойындарына лицензия алған.
«Біз кездескен негізгі қиындық Игордың тізедегі ауыр жарақаты болды. Дәрігерлеріміздің арқасында емделіп, сауығып кеттік. Олар бізге көп көмектесті», – деді Ахметов.