Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанға Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан әскери тікұшақ апатына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Түркияның шығысындағы Бингёль аймағында апатқа ұшыраған "Кугар" әскери тікұшағында құрбан болған және зардап шеккендер туралы ақпаратты терең күйзеліспен қабыл алдым. Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өз атымнан Сізге, сондай-ақ, бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Алла тағаладан қаза болғандардың жандары жәннатта болуын, жараланғандардың тез арада сауығып кетуін тілеймін», – делінген жеделхатта.
Еске салайық, 4 наурыз күні Түркияда «Кугар» әскери тікұшағы апатқа ұшырап, 11 түрік сарбазы қаза тапты.