Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың портреті Франциядағы газет-журнал сататын киоскілерде жаппай тарап жатыр деп жазады Bairaq.kz порталы "Хабар 24" сайтына сілтеме жасап.
Франциядағы танымал журналдардың бірі өзінің жаңа шығарылымына осылай анонс жасапты-мыс. Қазақстан Республикасы президентінің фрацуз басылымына берген алғашқы сұхбаты, сондай-ақ елдегі заманауи өмір кейпіне жасаған шолуы сатылымға шыққан.
Дәл осы басылымның сұхбат шыққан саны Франция, Швейцария, Бельгия, Люксембург және француз тілінде сөйлейтін Африка елдерінде 90 мың тиражбен тарады. Журнал басшылығы толық бір номерді біздің елге арнауын әлем назары, оның ішінде белгілі тұлғалардың Қазақстан саясатына деген қызығушылығының артуымен түсіндіреді.
"Біз бұл санды Қазақстан Республикасына арнадық. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлының халықты жаңа мемлекетке біріктіргенін ғалам жұртшылығы білуі тиіс. Сондай-ақ, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясаты мен елді дамытудағы жоспарларына көңіл бөлгіміз келді", - деді «L’Essentiel Des Relations Internationales» журналының басшысы Лоран Тайеб.