БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Қырымды милитаризациялау мәселесі бойынша қарарға қол қойылды.
7 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясының 75-сессиясының қатысушылары Қырым Автономиялық Республикасы мен Севастополь қаласын, сондай-ақ Қара және Азов теңіздерінің суларын милитаризациялау проблемасы бойынша қарар қабылдады.
Құжатты 63 мемлекет қолдады, 17 ел қарсы болды. Резолюцияны жасаушылар Ресейді «дереу, толықтай және ешқандай шарт қоймай, өз қарулы күштерін Қырымнан шығарып, Украина территориясын уақытша басып алуды тоқтатуға» шақырды.
Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба қазіргі қарарды «Ресейге қарсы күшейіп жатқан құқықтық қысымның жаңа элементі» деп атады. Оның айтуынша, құжатты қабылдау Қырымды милитаризациялау проблемасы «халықаралық қоғамдастықтың назарында» тұрғанын көрсетеді және ол «Қырымды үлкен әскери базаға айналдыруды» аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей қатер деп санайды.
Еуропалық Одақ Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды, Ресейдің Қырымды аннексиялауын заңсыз деп санайды және оны мойындағысы келмейді, деді БҰҰ жанындағы ЕО делегациясының жетекшісі Сильвио Гонзато.
Ресейдің әрекеті халықаралық құқық пен халықаралық тәртіптің негізгі қағидаларын өрескел бұзу болып табылады, деп атап өтті Брюссель.
Ресей 2014 жылдың наурызында Украинаның Қырым түбегін аннексиялап, оны өзінің аумағы деп санайды. Киев және әлемдегі елдердің басым көпшілігі Украина территориясының аннексиялануын мойындамайды. Көп ұзамай АҚШ, Еуропалық Одақ, Австралия, Жаңа Зеландия және Канада Мәскеуге қарсы санкция жариялады.