"Норманд төрттігінің" құрамындағы төрт мемлекеттің басшылары (Ресей Федерациясы, Франция, Германия және Украина) Париж қаласында дөңгелек үстел басына жиналып, Украинаның шығысындағы жер мәселесін және газ-мұнай жолдарын талқылады.
Осы күнге дейін ақпарат құралдарында, кездесулерде Путин мен Зеленскийдің қырғи-қабақ қарым-қатынасы айқын көрініс берген. Аталмыш отырыс барысында қос қошқардың басы піспей жүрген тақырыптарда көпшілік күткен айғай-шу болмады.
Зеленский кездесуге тыңғылықты дайындалғанымен қобалжу үстінде екенін байқатып алды. Залға кірген бетте "Владимир Путин" деген орындыққа беттеп, артынша өзінің орынына емпеңдей жөнелген. "Ұялған тек тұрмас" дегендей тізе бүккен бойда стакандағы суға ұмтылды. Оның бұл қылығына езу тартқан Путин қолымен фотографтарды меңзеп, жол сілтеп жіберген.
Cондай-ақ, Украина басшысы Зеленскийдің баяндамасы орыс тілінде әрі қолмен жазылған. Мұны Кремль пулының журналистерінің бірі суретке түсіріп алған.
Ал басты мәселелер кейінгі отырысқа қалдырған сыңайлы. Донбасс, Қырым сияқты атышулы проблемалар Париж төрінде тілге тиек етіле қоймады. Керісінше экономикалық бірлестік, Украинаның заңына бірнеше өзгерту енгізу, "Норманд форматындағы кездесу өткізу секілді дүниелер сөз болды.
Айта кетейік, "Төрттік" 2015 жылдың ақпан айында Минс келісіміне қол қойған. Келісімге сай, тараптар мәселелерді бейбіт жолмен шешуге тиіс-тін. Дегенмен, қарулы қақтығыстарға күні бүгінге дейін шектеу қойылмай келеді.