Басқосу алдында экономика жөнінде еурокомиссар Паоло Джентилони одаққа мүше елдерді алдағы 7 жылға арналған бюджеттік жоспар мен Еуропа экономикасын қалпына келтіру бағдарламасын бекітуге шақырды. Айта кетер бір жайт, Польша және Венгрияның мемлекет басшылары бюджетке вето салуды көздеп отыр.
Олар Еуроодақ елдеріне қаражаттың бөлінуін заң үстемдігі қағидаттарымен байланыстырғанына қарсы. Шілде айында өткен саммитте Еуроодақ елдері бір триллион 74 миллиард еуро мөлшерінде жеті жылдық бюджетті қабылдауды қолдаған. Сонымен қатар 750 миллиард еуро қаржыны одақ экономикасын қалпына келтіру қорын құру жобасына бөлуді де қарастырған еді.
Паоло Джентилони, ЕО экономика жөніндегі еурокомиссары:
Еуроодаққа мүше барлық елдің үкіметтерін осы маңызды кезде өз азаматтары мен бүкіл Еуропа халқы алдына үлкен жауапкершілік танытып, экономиканы қалпына келтіру жоспарын бекітуге шақырамын. Осы мақсатымызға жететінімізге сенімдімін.
Валдис Домбровскис, Еурокомиссияның вице-президенті:
Еурокомиссия Еуроодақ кеңесінде төрағалық еткен елмен бірлесіп, тиісті шешім табуға тырысып жатыр. Экономиканы қалпына келтіру жоспарын жүзеге асыру және барлық елдердің заң үстемдігі қағидатын сақтауы, осы екі фактордың да маңыздылығын ескеріп отырмыз.