АҚШ-Қытай сауда соғысының СЕБЕБІ МЕН САЛДАРЫ
2010 жылы Қытайдың ЖІӨ Жапониядан асып, әлемдегі екінші орынға шықты. Бұл қытайларға рух берді. Компартия билігі, идеологиялық тұрғыдан “социалистік жүйе мен нарық экономикасының бір біріне қарама-қайшы еместігін дәлелдеп, екеуін қауыштыра пайдалану арқылы мемлекетті дамытудың “Қытайлық үлгісін” қалыптастырғанын” жарияласа, Қытай жұрты рухани түлеп, “бізге де кезек келген-ау!” дегендей амбицияның арбауында толқыды. Қысқасы, тұтас елді болдық-толдық дейтін ауан билеп алды.
Қытайдың жылдам дамуы әлем елдері, әсіресе, Азия мен Африканың дамушы елдері арасында оның даму моделін қолданғысы келетін, жәре оның мол қаржысынан игіліктенуге мүдделі елдердің қатарын көбейтті. Бұл, өз кезегінде Қытайдың державалық ниетіне дем берді. Енді Қытай екінші дүние жүзілік соғыстан кейін АҚШ бас болып жасақтаған ғаламдық тәртіпке мін қоя бастады. Америка жетекшілігіндегі жүйенің адамзат дамуының жалғыз жолы емес екендігін, Қытай жетістігінің, Қытайлық моделдің әлем елдеріне даму мен өркендеудің балама жолын ұсынып отырғандығын ашық жариялады. Қазіргі әлемдік ережелерге бойсынуды қуаттай отыра, оған өзгерістер енгізудің қажеттіліктерін дәріптеп, өзін “ереже тұтынушыдан көрі ереже жасап бекітуші” бейнесінде көрсеткісі келетін пыйғылыy Танытты. “Жаңа үлгідегі халықаралық қатынастар жүйесін” қалыптастыру, “адамзаттың тағдырластық қауымдастығын” ұсқындау, “халықаралық тәртіптің қазіргі сыңар үйектілік кейпінен бас тарту” сынды мәлімдемелері осының айғағы. Мұның АҚШ-на ұнамасы анық болатын.
Әңгіменің екінші жағы, Қытайдың өркендеуі АҚШ-ның жетекшілік мәртебесіне шынайы қатер төндіре бастады. Қытайдың валюта қоры Америкадан асып түсіп, оның шетелдерге тікелей инвестиция құюы мен қарыз тарататын қайнарына айналды. Бұл – кейбі Европалық мемлекеттермен қоса, бір сыпыра елдердің Қытайдың соңынан еруіне себеп болды. Қытай юаны халықаралық есеп айырысу құралы болып танылды. Қытайға қаржылық мүдделі дамушы елдердің кейбірі осы юанмен есептесуге көшті. Қытайдың әскери әлеуеті нығайып, әскери бюджетін жыл сайын 10% үстеу дағдыға айналды. Ғарыштық технологиясы да дамып, ғарышты игеруде АҚШ-нан кейінгі екінші ірі ел болып үлгерді. Ұрлады, көшірді, түрін өзгертті дейтін өнбес күдіктер мен дау-дамайды ысыра тұрғанда, Қытай технологиялық қырынан да жетіліп алды. HUAWEI компаниясының G5 аппараттары төңірегіндегі тартыстар, Қытайдың телекомуникация бағытындағы тегеуірінінің АҚШ-ының ұйқысын қашырып отырғанынан дерек берсе керек. АҚШ үшін, төніп келген қатерден қалай сақтанудың мұнан да бұрын сабағы болған. Ана ғасырдың 80-жылдары Жапонияның өсуі де “әлем біріншісінің” есін алған. Оның да жаңа техникасы мен инновациялық технологиясы, сол тұстағы электрондық және биотехнологиясы өзін осы саладағы үстемдігінен сырғытуға шақ қалған. Онда да АҚШ Жапонияны, тура қазіргі Қытайға жасап жатқанындай, төпелеген кеден салығымен жөнге келтірген.
Осының барлығы АҚШ-ын Қытайды ерте жарықта тектеуге итермеледі. Және мұны Трамп билігімен қоса, барлық АҚШ-тықтар да арғы түйсігімен сезінген еді. Өйткені, соңғы 30 жылда тұтас АҚШ Қытайдың экономиканы нарыққа беттетуінен бір нәрсе күткен еді. Ол осы жолмен жылжып, жалпы әлемдік негізгі арнаға, атап айтқанда, капиталистік жүйеге, еркін экономика мен демократиялық ұстынға, жалпыға ортақ құндылық қағидаттарына жүгінеді деп үміттенген. Нәтиже күткендегідей бомай шыққанымен қоймай кері кетті. Жайшылықта рақайласуы қыйын республикашылдар мен демократтар, тәжікелесуін тоқтатпайтын Ақ үй мен парламент, жақ-жақ болып айтысып жататын әлеуметтік топтар, әскерилер мен дипломаттар дәл осы Қытайды “орнына қою” тақырыбына келгенде, уағдаласып алғандай бір ұстанымға тоқайласуы да сондықтан. Трамп билігі кеден салығын көтеру арқылы жуасытамын деген Қытай, оған икем бергені былай тұрсын, керісінше “қол қайтарды”. Содан барып, Қытайды валютаны шеңгелдегіш ел деп танып, ақша соғысын ашу, технологиялық санкция салу, АҚШ фирмаларын Қытайдан кетуге үндеу, Гонконгке қол салып шырқын кетіру сияқты құралдар арт-артынан іске қосылуда.
Ғаламдық экономикалық, геосаяси, дипломатиялық үдерістердің қатысушысы болғандықтан, екі алып арасындағы ерегестің бізге әсері болатыны табиғи. Сауда соғысының бүкіл жер шарындық экономикалық айналымға жасаған кері әсері, бізге де салқынын сездіре бастады. Оны сыртқы саудадағы уәдеден айну мен теңгенің бағамындағы құбылулар әйгілеп отыр. Қытай тарапынан бізге әзірше тікелей қысым немесе жәйсіз қадамдар бола қоймауы керек. Өйткені оған өзімен байланыстағы әр бір елдің қолдамаса да, жамандамағаны керек.
Екі күннен соң ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БАСШЫСЫ ҚЫТАЙҒА БАРАДЫ. Ең абай болатынымыз, Қытаймен “қатты дос болып кетіп”, АҚШ-ның қырына ілініп қалмау болса керек.
"ТҮЙЕНІ ЖЕЛ ЖЫҚСА ЕШКІНІ АСПАННАН КӨР" және "ОЙДА ОРЫС, ҚЫРДА ҚЫТАЙ АМАН БОЛСЫН" деген мақалы бар елміз.Құрмет Қабылғазыұлы. Алматы.