Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ан-26 ұшағының апатынан кейін Украина басшысы Владимир Зеленскийге көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Орны толмас қайғымен бөлісе отырып, мен Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қайтыс болған курсанттардың отбасылары мен достарына шын жүректен көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуын тілеймін», - делінген жеделхатта.
БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Украинада 26 қыркүйек Аза тұту күні деп жарияланған.
Естеріңізге сала кетейік, Ан-26 ұшағы 25 қыркүйектегі оқу-жаттығу рейсі кезінде Харьков облысының Чугуев қаласының маңында апатқа ұшырады. Бортта 27 адам болды - курсанттар мен кеме экипажы. Олардың 25-і сол жерде қайтыс болды. Кейін ауруханада тағы бір адамның қайтыс болғаны хабарланды.