Коронавирусқа қарсы вакцина жақын арада жасалады деп күтуге болмайды. Мұндай мәлімдемені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының төтенше жағдайлар жөніндегі аға маманы, доктор Катрин Смолвуд жасады.
ДДСҰ өкілі бүкіл әлем бойынша мамандар коронавирусқа қарсы вакцинаны іздеп жатқанын атап өтті. Дегенмен, алдымен оның қауіпсіздігі мен тиімділігіне көз жеткізу керек.
«Бүкіл әлем COVID-19-ға қарсы вакцинаны жасау үшін бірлесіп жұмыс істеуде. Халықаралық зерттеушілер тобы халық арасында қолдануға тиімді және қауіпсіз болатын вакцинаны жасау үшін ДДСҰ-мен бірлесіп жұмыс істейді», - деді Катрин Смолвуд.
Ол вакцина жасау үшін көп ресурстар, уақыт пен күш қажет екенін атап өтті.
«Вакцина іздестіруге бағытталған барлық күш-жігерге қарамастан, біз мұны жақын арада күтіп отыра алмаймыз. Бұл вакцина қауіпсіз әрі тиімді болмайынша, бізде бар құралдарды қолдана отырып жұмыс жасау керек болады», - деді аға маман.
Оның айтуынша, қазір 100-ден астам елден шамамен 15-20 кандидаттық вакцина клиникалық сынақтар кезеңінде. Смолвуд қауіпсіз вакцинаны тезірек табады деп үміттенді.
Қазақстанда вакцинаны Жамбыл облысында әлі салынбаған зауыт аумағында шығару жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарын 2020 жылдың желтоқсан айында аяқтап, жыл сайын 60 миллион доза биофармацевтикалық препараттарды шығару жоспарлануда.