Алаяқтық кешірілмейтіні белгілі. Бұл қылмысқа әр елдің заңы әр түрлі қарайтыны тағы рас. Таиландта сот мейрамхананың екі бірдей қожайынын 1446 жылға бас бостандығынан айырды.
Laemgate seafood мейрамханасы өткен жылы онлайн-акция ұйымдастырды. 20 000 адам 50 миллион тай батына (640 млн теңге) ваучер сатып алған.
Мейрамхана иесі тұтынушыларға 880 бат үшін теңіз өнімдерінен түскі ас ұсынған. Бұл баға – салыстырмалы түрде өте арзан. Басында тұтынушылар мейрамханада қиындықсыз тамақтанатын. Кейін кезек айға созылатын жағдайға жетті. Наурыз айында мейрамхана егелері мұнша адамды теңіз өнімдерімен қамтамасыз ете алмайтындарын тілге тиек етіп, мейрамхананың жабылғанын жариялады.
Мейрамхана қожайындары ваучер қаражатын қайтаруға уәде еткен. Бірақ 818 тұтынушының тек 375-і ғана өз ақшаларын қайтарып алған. Артынша жүздеген адам шағым түсіріпті. Сәрсенбі күні сот екі азаматқа 1446 жыл жаза кесті. Айтуларынша, әрбірі 723 жылдан отырады екен.
Айыптыларға Таиланд соты мұнша көп уақыт бергенімен олар тек 20 жыл ғана түрмеде отырады. Өйткені, елдің заңы алаяқтық үшін ең жоғары мерзімді 20 жыл етіп бекіткен.
Компания 1,8 млн бат (23,2 млн теңге) айыппұл төлеп, 2,5 млн бат (32,2 млн теңге) жәбірленушілердің ақшасын қайтарады.
2017 жылы тай соты алаяқтық жасаған азаматқа, тіпті, 13 000 жыл жаза кескен еді.