Қырғызстан билігі ел бюджетін қолдау үшін Қазақстаннан қаржылай көмек сұрады.
Қырғызстанның жаңа сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев жұмыс сапарымен Нұр-Сұлтанға келді. Премьер-министр Асқар Мамин оны қабылдап, Қазақбаевты қызметке тағайындалуымен құттықтады және жұмысына сәттілік тіледі.
Қазақбаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың сәлемін жеткізді. Министр Қырғызстандағы жағдай біртіндеп тұрақталып жатқанын, саяси процестер конституциялық арнаға бұрылғанын айтты. Ол қырғыз тарапы барлық халықаралық міндеттемелеріне және бұрын қол қойылған барлық екіжақты, көпжақты халықаралық шарттардың қатаң орындалуына толықтай адал болып қалады деп сендірді.
Қазақбаев Қырғызстан үкіметі заңға сәйкес шетелдік, оның ішінде қазақстандық инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайтынын баса айтты.
Қырғыз-қазақ ынтымақтастығының мәселелері талқыланды. Содан кейін сыртқы істер министрі өтініштерге көшті.
Министр Руслан Қазақбаев Қырғызстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қажеттіліктері үшін дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуде көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды сұрап, қазақстандық тарапқа жүгінді. Сонымен қатар ол дағдарыстан кейінгі кезеңдегі Қырғызстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, елдің бюджетін қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржылық көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды сұрады», - деп хабарлады Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі.
Басып шығару