Бір жыл ішінде қос бірдей мәселесі қордаланған тұғырға қонжия кеткен Бердібек Сапарбаевтың басқару форматы қандай?
Әлбетте, тілімізге алдымен ондаған жылдар бойы үздіксіз жиналған тәжірибе деген уәж оралады. Бұның да қисыны жоқ емес. Құрылымдардың өзгерісін, биліктің ауыс-түйісін көріп үйренген кісі ғой. «Диірменде туған тышқан тарсылдан қорықпас» дегендей талай шу мен даудың ортасында жүріп, елді уысында ұстай білген менеджердің Жамбыл облысына басшы болып аяқ асты келгенін түсіндіру де артық шығар.
Алдымен, мына сұраққа жауап бере кеткен абзал: Сапарбаев қашан бейнетінің зейнетін көреді?! Бұлай деуімізге себеп – белді шенеуніктің 9-ақпан күні 67 жасқа толуы. Заң бойынша мемлекеттік қызметкер зейнет жасынан асқан соң мемлекет басшысының шешімімен ғана өкілеттілігін 5 жылға (максимум) ұзарта алады. Бұл – шенділер 68 жасқа дейін мемлекеттік басқару структураларында жұмыс істей береді деген сөз.
Тақырыбымыздағы «соңғы» деген сөздің қолданылу сыры да осы тұста жатыр. Әйтпесе, болжам жасап, инсайдтық ақпарат тарата қоймаспыз. Ендігі бір жылда Сапарбаев әкімдік орынтақта отырып, дамуы кейіндеген, дау-дамайы көп аймақты тәртіпке келтірмек. Бірақ...2016 жылы Бердібек Сапарбаев Ақтөбе әкімі болып тұрғанында зейнет жасына жеткен. Сол тұста Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сапарбаевтың өкілеттілігін төрт жылға созуға қол қойған-ды. Сол қаулының мерзімі 2020 жылдың 9-ақпаны күні түгесілді. Әлде қағаз-құжаттар мен шендінің жасы аймақ әкімі болу үшін кедергі емес пе?!
Соңғы төрт жылда антикризистік менеджер үш рет орын ауыстырып, күні кеше төртіншісіне келді. Ал Үкімет пен президент әкімшілігі Бердібек Машбекұлының өкілеттілігін ұзарту туралы қаулыға қашан қол қойылғанын білмей дал болды. Қалай десек те, Сапарбаев 2021 жылдың 9-ақпанында 68 жасқа келеді, амандық болса. Сол мерзімді уақыт толған күннен бастап ол атқарушы билік структурасында жұмыс істей алмайды. Бірақ Сенаттың немесе Мәжілістің депутаты болуға қауқарлы әрі құқылы.
2019 жылдың 25-ақпанында Сапарбаев ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған. Түсіндірді, өйткені, қиын мәселені шешуге тәжірибелі басшы қажет болды. Сол уақыттағы вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова мен Сапарбаев бас көтерген көпбалалы аналарға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, бірқатар мәселелерді де шешіп берген.
Кейін Гүлшара Әбдіқалықованың орынын басып, вице-премьер болды. Бұл қызметін екі күн бұрын облыс әкіміне айырбастаған-ды. 1977 жылдан басталған күрделі мансаптың тәмәм болар тұсы таяғандай. Ол - әрқашан мәселесі ушыққан, дау-дамайы көп жерлерге жіберілетін «сенімді солдат». Сондай-ақ, Бердібек Машбекұлының еншісінде тағы бір рекорд бар. Ол – бес бірдей облысқа әкім болған бірінші менеджер. Атап айтсақ, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облысы. Соңғы аймақта оның алдында Қордай оқиғасынан кейін туған қаншама мәселені шешу тапсырмасы тұр.
Сапарбаевтың жолын оның кіші інісі Нұрлыбек Нәлібаев қуып келеді. Ол – 7 жылдан бері Қызылорда қаласының әкімі. Сондай-ақ, оның кіші ұлы Жансұлтан Сапарбаев та қазір бас қаладағы әкімдіктің басқармаларының бірінде қызмет атқарады.
Басып шығару